Мәдениет

Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған гала-концерт өтті

 

 

 

 

Авторларды қолдау орталығы

[email protected]

Елордада «Көк аспаным – көк туым» мерекелік гала-концерті болып өтті. Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдық мерейтойына арналған ауқымды іс-шараны «Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік  ұйымы ұсынды.

«Алтын күн аспаны, алтын дән даласы...» деп Мемлекеттік гимнінен бастау алған «Көк аспаным – көк туым» гала-концерті көрерменнің зор ықыласына бөленді.

Мерекелік концертке арнайы келген Мемлекеттік Елтаңбаның авторы белгілі архитектор Жандарбек Мәлібеков жиналған қауымды мерекемен құттықтап, ұйымдастырушыларға өзінің алғысын білдірді:

«Мен барша қазақстандықтарды бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Көк байрағымыз желбіреп, Елтаңбамызды әлем танып, Әнұранымыз асқақтай берсін! Бүгінгі мерекелік концерт форматы, құрылымы, мазмұны жағынан ерекше болды. Жаңа Қазақстанды құруға бағыт алған елімізге осындай рухани-танымдық жобалар әрдайым қажет. Жаңа ой салатын, заманымызды жырлайтын, шабыт беретін концерт болды», - деп жеткізді Жандарбек Мәлібеков.

Концерттің басты ерекшелігі – оның жанрлық сан алуандығы. Бұл кеште классикалық музыка, эстрада мен ұлттық өнер, мюзикл театрының шығармашылығы жақсы үйлесім тапты. Концертте Роза Рымбаева, Ерлан Рысқали, Азамат Жылтыркөзов, Медет Чотабаев, Ардақ Балажанова, Айзада Капонова, Гүлсім Мырзабекова, Күнсұлу Түрікпен, Асқар Мұқият, Әміре, Әлібек Альмадиев, Рухия Байдүкенова, Азат Мәлік, Салтанат Меңдіғалиева, Біржан Айтахметов, Дидар Әбдухалық, Әйгерім Алтынбек, T&Y дуэті өнерін ортаға салды. Сондай-ақ көрермендер Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрі, «Астана сазы» қазақ фольклорлық ансамблі, «Forte Trio» мемлекеттік триосы, «Astana Musical» мемлекеттік театры мен «Saz&Soul» тобының өнерін тамашалай алды.

Қазақконцерт басшысы Ақтоты Райымқұлова рәміздердің 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар алдағы уақытта жалғасын табатынын айтты. «Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдық мерейтойы құтты болсын баршамызға! Рәміздерде халқымыздың тарихы, мәдениеті мен рухани құндылықтары көрініс тапқан. Патриоттық рух беріп, отансүйгіштікке жетелейтін рәміздеріміздің үлкен мерейтойы кеңінен насихатталуы керек. Осыған байланысты Қазақконцерт маусым айының соңына дейін көрермендерге әр түрлі форматтағы іс-шараларды, атап айтқанда, концерттер, мюзиклдер мен жаңа қойылымдарды ұсынады. Сондай-ақ жаз бойы балаларға арналған тегін кино көрсетілімдер өткізіледі. «Қазақстан» орталық концерт залының есігі көрермендер үшін әрдайым ашық», - деп мәлімдеді Қазақконцерт директоры А. Райымқұлова.