Bugin
Ақтау қаласындағы Зияткерлік мектепте алғаш рет «Caspian Startup-2022» байқауымен қатар Зияткерлік мектептер мен Халықаралық IT-стартаптар технопаркі ұйымдастырған жаңа жобасының қатысушыларын біріктіретін Demo Day шарасы да өтті. Үш ай бойы NIS оқушылары Astana HUB-та онлайн оқудан өтіп, тәлімгерлермен бірлесіп өз жобаларын әзірледі, келешегі зор жобалардың авторлары өз жетістіктерін көрсетіп, қорғау үшін Ақтауға бас қосты. Demo Day алаңында Astana HUB өткізген шеберлік сағаттар топтамасы да сұранысқа ие болған.
Demo Day алаңында ұсынылған жобалардың ішінде Оралдағы NIS пен Шымкенттегі екі Зияткерлік мектеп құрамасының «Colight» командасы: Зинаэнур Ислам, Қадіржан Лутфуллаев, Нариман Исаев, Ақбота Сәрсембекова стартаптары үздік деп танылды. Astana HUB Demo Day жеңімпаздарына жобаларын жүзеге асыруда қаржылық қолдау көрсетеді.
– «AstanaHub халықаралық технопаркі ұйымдастырып отырған бұл Demo Day іс-шарасы аясында біз олар ұсынған StartapSchool курсынан сабақ алып, кейін инкубациядан өттік, байқаудың финалында AstanaHub-тан 70 000 тг көлемінде инвестиция жеңіп алдық. Ақтауда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған басқа да NIS оқушыларымен танысып, жақсы әсер алдық. Барлығы көңілімізден шықты. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіp», – деді «Colight» командасының мүшесі Ақбота Сәрсембекова.
«Colight» командасының PHYDOC-медициналық мобильдік қосымшасы әлеуметтік желі принципінде жұмыс жасайды. Пациенттер дәрігерлермен онлайн-консультацияға шығып, жедел мәселелерді шешіп, дәрі алуға рецепттер сонымен қатар олар оффлайн немесе онлайн кездесуге қосымша арқылы жазылуға мүмкіндік алады. Мұнда дәріхана, емханалардың картасы да қолжетімді, навигатор қызметін атқарады. Одан бөлек, қолданушылардың зиянды әдеттерінен айырылу мақсатында мобильді қосымшада мастер-класс, марафондар жүргізіледі.
NIS және Astana HUB-тың жазғы мектебіне Маңғыстау облысының 150-ден астам оқушысы мен мұғалімі қатысты, олар үшін стартап мәдениет және цифрлық сауаттылықты қалыптастыру бойынша тренингтер мен шеберлік сағаттар дайындалды.
«Caspian Startup-2022» байқауының қатысушылары үшін Маңғыстау өңірінің киелі жерлеріне экскурсиялар, психологиялық тренингтер, шығармашылық шеберлік сағаттары мен спорттық ойындар ұйымдастырылды. Дастарханның басты асы әзірленген бауырсақ-пати бизнес пен IT-саласының болашақ жұлдыздарына жаңа серпіліс пен қуаныш сыйлады.