МӘДЕНИЕТ

Қазақстанның имиджін қалыптастырудың қандай маңызы бар?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Алдымен, имидж сөзі жағымды пікірде ғана емес, теріс ой қалыптасқанда да қолданылатын ұғым екенін ұмытпайық. Елдің имиджін қалыптастырудың қандай маңыздылығы бар?

Сізге Париж десе, Эйфель мұнарасы, Рим дегенде Колизей, Берлинді айтқанда, Рейхстагті елестетуіңіз бекер емес. Бұл - сол елдердің ұлттық бренді, оң имиджі. Ал, енді Қазақстан дегенде әлемде қандай образ қалыптасқанына тоқталайық.

Жасыратыны жоқ, біз имиджді көбінесе шетелдік азаматтар үшін қалыптастырамыз. Имиджі дамыған елдерге туристердің де, инвесторлардың да ағылатыны анық, ал олармен бірге ел қазынасы да толаяды. Сондықтан, ел имиджіне шетелдіктердің көзімен қарайық.

«Google»-дан Қазақстан туралы мәлімет іздеген адам табиғатымызды көріп, таңданатыны анық. «Әлемде жер көлемі бойынша 9 орын, қазбаға бай ел, қонақжайлылығына еш ұлт тең келмейді» деген секілді 30 жыл бойы айтылып келе жатқан, бірақ сән беретін сөздер де бар. Бірақ, бұқаралық ақпарат құралдарында еліміз туралы жазылған мақалалардың ішінде ең көп талқыланғаны-қаңтар оқиғасы. Сол оқиғадан кейін, елдегі саяси өзгерістер де әрдайым әлем назарында.

Қаңтар оқиғасы уақытында мен оқуым бойынша Испания елінде болғанмын. Жақындарыммен хабар алмасу мүмкіндігі болмағандықтан, әлемдік БАҚ-тың жазбаларын зерттей бастадым. Сонда байқағаным, біздің елді әлі күнге дейін Ресей саясатымен байланыстырады екен.

Бұл біздің елдің ұлттық брендінің әлсіз екендігінің дәлелі. Сондықтан, осы мәселені жиі қарастырып, шешуіміз керек. Имидж көтерудің ең оңай құралы-бұқаралық ақпарат құралдары. Әсіресе, жаңа медиа құралдары, әлеуметтік желілердің рөлі зор. Youtube-та әлемнің кез келген жері жөнінде ақпарат алуға, көшелерінде 360 градусқа айналып, онлайн видео тур жасауға мұмкіндік бар. Осы мүмкіндікті пайдаланып, елімізді шетелдіктерге таныстыратын бірде-бір видео жоқ екен.

Одан бөлек, мәдениет саласында да жеке бренд жетіспейтіндей. Кавказ халықтары дегенде көз алдымызға лезгинка билеген адамдар елестейді ғой? Себебі, олар кез-келген жиында, әлемдік жетістікке жетсе де, ұлдары да, қыздары да, қолдарын көтеріп, осы биді билеп кетеді. Сол сияқты, біздің домбырамыз да ұлттық брендке айналса екен. Табиғатымыз, ұлттық мәдениетіміз, білім, спорт саласындағы озық жеңістерімізді заманауи жолдармен әлемге жеткізе алсақ деген ізгі ниет.