Bugin
Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ресей 24» арнасына берген сұхбаты жарыққа шықты. Қаңтар оқиғасы, Ресей әскерінің көмектесуі, көрші елмен қарым-қатынас, Қазақстандағы орыс тілі және Батыс елдерінің санкциясы турасында сөз сөйлеп, пікір білдірді.
Ендеше мемлекет басшысы айтқан негізгі ойларды оқырман назарына жинап ұсынамыз.
Ресей құтқармаса, Қазақстан құрдымға кетер еді деген бос сөз
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев қаңтар оқиғасы жайлы баяндарда Ресейдің ықпалы жайлы дабырайтып айтылып жүрген әңгімелердің жалған екенін тілге тиек етіп сөз бастады.
«Бәзбіреулер Қазақстанды құтқарып қалған Ресей деп дабырайтып сөз айтып жүр. Оларға салсақ, елді құрдымнан алып қалғаны үшін енді Ресейге біз тәу етеді екенбіз. Мұны құр сөз, бос әңгіме деп санаймын. Жалған түсінік, шындыққа еш жанаспайды», - деп пікір білдірді Қ.Тоқаев.
Президенттің айтуынша, ҰҚШҰ әскерін әкелердегі ең басты шарт – кірген бейбіт күштердің әскери іске араласпай, тек қауіпсіздікті қамтамасыз ету және уақыты келгенде елден шығуы керек деп келісілген екен.
«ҰҚШҰ әскерінің қолынан бірде бір оқ атылмады. Біздің елде 10 күндей ғана болды. Мемлекеттік маңызды нысандарды ғана күзетті», - деп түсіндірді Қ.Тоқаев.
Қаңтарда қашып кет дегендер болды
Қаңтар оқиғасы жайлы айтып жатып мемлекет басшысы Қ.Тоқаев айтылмай жүрген кейбір жайттардың басын ашты. Оның айтуынша, қаңтар оқиғасы басталғанда президентті елден қашып кет дегендер болған екен.
«Төңкерістің мақсаты – билікті басып алу. Мен болсам, бұған жол бергім келмеді. Елден кетпедім, президент резиденциясында болдым, ешқайда шықпадым. Сонда түнедім. Оқиға басталғанда-ақ президент астанадан кетіп қалды деген өтірік ақпарат таратылды. Тіпті, ұшақ не тікұшаққа отырып, елден тайып тұр деген әріптестерім болды. Мен әрине мұндай алдауға көнбедім, соңына дейін елмен бірге болдым», - деді Тоқаев.
Қазаққа орыс тілі керек
Президенттің тағы бір тоқталған мәселесі – орыс тілінің елдегі ахуалы. Оның айтуынша, Қазақстанда орыс тілінің позициясы әлсіреген емес, керісінше қазаққа керек тіл.
«Қазақстанда орыс тілінің позициясы кеміді, тарылып бара жатыр, тіпті кеміс тілге айналды деп жүргендер – шындықтан өте алшақ. Жалпы, Қазақстанда орыс тілінің позициясы қандай да бір нашарлауға ұшыраған жоқ. Оған сенімдімін. Сабақ орыс тілінде өтетін мектептердің санына қатысты айтар болсам, олар бұрынғы көлемде қалды. Тағы бір шындық – ол қазақ тілінде білім алуға деген сұраныстың артып келе жатқанында», - деді президент Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымынша, қазақ тіліне деген сұраныстың артып келе жатқанын да ескерген жөн. «Түптеп келгенде, мемлекетіміздің атауының өзінде «қазақ» сөзі бар. Яғни, біз қазақ тілін үйренгісі келетін, баласын қазақ мектебі мен балабақшаға бергісі келетін адамдардың мүддесін қамтамасыз етуге тиіспіз. Орыс тілінсіз қазақтарға өте қиын болатындығына қатысты нақты түсінігіміз бар. Географиялық тұрғыда. Бұған дейін де бізде әлемдегі ең ұзын шекарамыз бар екендігін айтқанмын. Біз Құдай қосқан көршіміз және қазақтарға орыс тілін жақсы білу керек. Бірақ, сонымен қатар өзінің ана тілін де білуі тиіс», - деді ҚР Президенті.
Қазақстан Еуразиялық одақ пен ҰҚШҰ-дан шықпайды
Сұхбат барысында президент Қ.Тоқаев Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтан (ЕАЭО) және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан (ҰҚШҰ) шықпайды деп мәлімдеді.
«Менің ойымша, бұл ұйымдардың (ҰҚШҰ, ЕАЭО, ШЫҰ – ред) дамуы жақсы. Қазақстан осы интеграциялық бірлестіктердегі өз қызметін қолдайды. Ал Қазақстанның ЕАЭО-дан, ҰҚШҰ-дан шыққысы келеді дегеннің әңгіменің бәрі – бос, шындыққа мүлдем жанаспайды», - деді Тоқаев ресейлік телеарнаға берген сұхбатында.
Ресеймен санкцияны бұзбай қарым-қатынас орнатамыз
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей мен Батыс арасындағы санкциялық соғысқа қатысты Қазақстанның ұстанымы туралы айтты.
«Санкцияның аты – санкция. Оларды бұзбауымыз керек. Оның үстіне санкциялар бұзылған жағдайда біздің экономикамызға да Батыстың «қайталама санкциясына» ұшырауы мүмкін. Яғни, «Сцилла мен Харибда арасындағы» жол секілді өте күрделі әрі нәзік жұмыс жүріп жатыр», - деді Тоқаев.
Сонымен бірге Президент Ресей үкіметімен жұмыс жалғасып жатқанын айтты.
«Ресей үкіметімен жұмысты жалғастырып жатқанымызды атап өткім келеді, тіпті санкцияларды бұзбай-ақ қажетті келісімдерге қол жеткізудеміз. Күрделі сұрақтар да бар, олар осы немесе басқа жағдайды қалай шешуге болатынын түсіну үшін уақытты қажет етеді. Дегенмен бұл мәселелердің де шешімін тауып жатырмыз. Мұндай жағдай бұрын-соңды болған жоқ. Дәл қазіргі жағдайда боларымызды ешкім күткен жоқ. Бірақ шындық осы, аталған жағдайдан туындайтын мәселелерді шешуіміз керек», - деді Қ. Тоқаев.
Ресеймен уәде үзілмейді
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресеймен барлық экономикалық уағдаластықтардың сақталатынын айтты.
«Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы арасындағы экономикалық ынтымақтастыққа байланысты барлық уағдаластықтар өз күшінде қалады. Біз жұмыс істеуді жалғастырамыз. Қазақстан ешқандай жағдайда өзінің одақтық міндеттемелерінен бас тартпайды», - деді Тоқаев ресей тілшісіне.
Президенттің пікірінше, уағдаластықты үзу дұрыс емес және перспектива тұрғысынан тиімсіз болар еді.