Әлем
Ұлыбританияның Украинаға Ресеймен соғысты қалай тоқтату керектігін айтуға құқығы жоқ. Соңғы шешімді украин халқы қабылдайды. Бұл туралы Ұлыбританияның Украинадағы елшісі Мелинда Симмонс НВ басылымына берген сұхбатында айтты, деп жазады Bugin.kz порталы ukrinform.ru сайтына сілтеме жасап.
«Соғыстың тезірек аяқталуын бәрінің қалайтыны сөзсіз... Алайда Украина қазіргі таңда өздеріне тиесілі жерді қорғап жатыр. Сол себепті соғысты қашан және қалай аяқтайтынын өздері ғана шешеді», – дейді Симмонс.
Сондай-ақ ол британиялықтардың Украинаға соғысты тоқтату үшін не істеу керектігін немесе не істемеу керектігін айтуға құқығы жоқ екенін айтып өтті.
«Украин халқы бізге келіссөз жүргізетін уақыт келгенін айтса, біз бұл шешімді қолдаймыз. Кез келген сәтте оқ атуды тоқтату туралы келіссөз жүргізгісі келсе де, біз оларға қолдау білдіреміз. Ал оған дейін «соғысты тоқтатыңдар» деп айта алмаймыз», – дейді дипломат.
Симмонс Украинаның бұл соғысты аяқтау шарттары туралы да мәлім етті. Осы орайда ол Владимир Зеленскийдің соғыс барысында ешқандай жеңілдіктер жасамайтыны туралы мәлімдемесін еске салды.
«Егер бұл оның ұстанымы болса, біз одақтас мемлекет ретінде оларды қолдауға дайынбыз. Менің ойымша, қазір қандай да бір жеңілдіктер туралы айтатын уақыт емес секілді», – дейді Ұлыбритания елшісі.