Bugin

«Сенім. Құрмет. Даму. Нәтиже»: Тарихқа ену бүгіннен басталады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

15 маусым күні Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің кітапханасында Bugin Holding IT компаниясының «Тарихқа ену бүгіннен басталады» атты деректі фильмінің тұсаукесері өтті.

Фильмде компанияның негізі қаланғаннан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихы баяндалады. 2013 жылы ресми тіркелген компанияның құрылғанына биыл 9 жыл толып отыр. Туынды компанияның құндылықтары арқылы суреттелген. Әрбір құндылық аясында Bugin Holding құрамындағы компания басшылары ойларын айтады. «Сенім. Құрмет. Даму. Нәтиже» құндылықтары – деректі фильмнің негізі болып отыр.

Іс-шара компанияның негізін қалаушылар Айбек Қуатбай мен Нұрбақыт Жұлдызбайұлының, инвестор Балтабек Мұқашев пен фильмнің продюсері Лаура Артықбаеваның алғысөзімен басталды. Әрі қарай фильмнің көрсетілімі болып, ізінше фильмде айтылған фактілер негізінде көрерменге сұрақ қойылып, дұрыс жауап берген қатысушыларға сыйлықтар табысталды.

«Биыл бізге 9 жыл. Он жылдық деп арнайы жоспарлаған жоқпыз. Команда соған пісіп-жетіліп дайын болды, іске кірістік те кеттік. Кейінгі кезде бізге келіп кеңес сұрайтын жастар көбейіп кетті. Фильм соларға шабыт берсін, мотивация берсін, кеңес болсын деген мақсатта түсірілді. Екіншіден, Bugin Entertainment командасы жоба істегісі келді. Осыдан бастаңыздар дедік. Нәтижесінде бүгінгі туынды өмірге келді. Алдағы уақытта осы командамен фильм де, сериал да түсіре аламыз деп айта аламын. Үшіншіден, биыл бізде көп жаңалықтар болып жатыр. Мектеп ашып жатырмыз. Daryn.Online жобасы Қырғызстан, Өзбекстан нарығына шығып жатыр. Сонымен қатар Балтабек Құмарұлы Мұқашев ағамыз бізге инвестиция салып, стратегиялық серіктеске айналды. Бұл фильм – бір жағынан соның да бастамасы болып отыр. Осы себептерге байланысты бүгін туындының көрсетілімін жасадық. Фильмді көру барысында ойыма «мынау шынымен де біз бе?» деген сұрақ келді», – дейді Bugin Holding компаниясының негізін қалаушылардың бірі Айбек Қуатбай.

Bugin Holding компаниясы жобаларының кеңесшісі Садық Шерімбектің айтуынша, аталмыш фильм компанияның көпшілік алдында берген есебі іспетті.

«Бұл іс-шараны компания ретінде, команда ретінде берген есебіміз деп білу керек шығар. Осы уақытқа дейін жыл сайын өзімізше есеп жасап тұратынбыз. Бұл жолғысын фильм ретінде жасау керек болды. Ол үшін барлық алғышарттар қалыптасып бітті деп ойлаймын. Жасалған жұмыстар бар. Айта кетейін, бізде кейінгі 3 жылда мүлдем тыным болған жоқ. Қанша жерден мотивацияң болса да, энергияң болса да, тоқтаусыз еңбек адамды сәл қажытқандай болады. Сол кезде бізге осындай серпіліс керек болды. Бір жаңарып алуымыз керек дегендей. Өткенімізді еске алып...

Шығыс халықтарында даму циклмен жүреді. Мысалыға, бір нүктеге бару үшін, ең алдымен, кішігірім шеңбер жасайсыз. Одан кейін сол нүктеге оралып бұрынғыдан кеңірек шеңбер жасайсыз. Одан да кеңірек деп жалғаса береді. Біздің бүгінгі фильм келесі үлкен шеңберді бастаудағы нүкте болды деп ойлаймын», – дейді ол.

Ал фильмнің продюсері Лаура Артықбаева компанияның тарихы туралы айтылған әңгімені 1 сағат 20 минутқа сыйғызу оңай болмағанын айтып отыр. Оның пікірінше, деректі фильмді түсіру барысында жиналған материалдар негізінде Bugin Holding компаниясы туралы сериал түсіруге де болады.

«Фильмді түсіру идеясы компаниядағы HR бөлімінің директоры Жұлдыз Ыбытаева ханымның кішігірім ролик жасау туралы ойынан басталды. Бастапқы мақсат – командамызға қосылатын жаңа қызметкерлердің осы туынды арқылы бізді тануы, қандай холдинг екенімізді білуі еді. Яғни танымдық  ролик. Алайда пікірталас барысында ақылдаса келе бұған дейін холдингте біршама дүниенің істелгенін түсіндік. Бұны бір ғана роликпен емес, қысқаметрлі деректі фильм арқылы ұсыну керек деп ойладық. Сөйтіп түсірілім басталып кетті. Әр кейіпкермен сөйлесіп, материал жинау барысында түсінгеніміз – жобаның ауқымы кең. Әр сұхбат 1-2 сағатқа созылды. Осылайша толықметрлі деректі фильм түсіретін болдық. Түсірдік. Бүгінгі іс-шара – соның нәтижесі», – дейді жоба продюсері.

Деректі фильмнен мотивациялық сөздер

• Сен жолға шық, жол өзі көрсетеді.

• Мен білмесем де, жасаймын.

• Арманым мен мақсатым осы істі жалғастыруға себеп болды.

• Сенім. Құрмет. Даму. Нәтиже.

• Адамға үш нәрсе айтып, екеуін орындасаң, сенім қалыптастырасың. Ал үшеуін де орындасаң, ол саған көзсіз сенеді.

• Компанияның дамуына бір ғана адам себеп болмайды.

• Ешкім ертең не болатынын білмейді. Десе де адамда ертеңгі күнге деген сенім болуы керек.

• Ниетіміз – адамдарға балық емес, қармақ беру. Олар өздері әрекет етсе...

• Қиын болса да, бізге жол көрсетуші ретінде жұмыс істеген ұнайды.

• Нарықта кім бірінші ойлап табады, сол жеңеді.

• Шағын компанияның жағымды жағы бар. Жасаңыз, сізде еркіндік бар.

• Армандауға, мақсатқа жетуге бір ғана ертегі көмектесті.

• Біздің миссия – сапалы білімді қолжетімді ету.