Bugin
Әлемде жетінші ғарыш державасы пайда болды. Оңтүстік Корея алғаш рет ғарышқа жеке жобадағы зымыранмен спутниктерін ұшырды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы The Japan Times басылымына сілтеме жасап.
Сейсенбі, 21 маусымда 200 тонналық Nuri сұйық отын зымыраны Кохынадағы Наро ғарыш айлағынан көтерілді. Ғылым министрлігі зымыран бірнеше спутниктерді, соның ішінде Performance Verification Satellite (PVSAT) және CubeSat форматындағы төрт ғарыш аппаратын жерге жақын орбитаға сәтті шығарғанын хабарлады.
- «Енді Отанымыздан ғаламға жол ашық», - деді Оңтүстік Корея президенті Юн Сук Ёл.
Президент жаңа мемлекеттік мекеме құру арқылы ғарышты игерудің болашақ бағдарламаларына толық қолдау көрсететінін мәлімдеді.
Оңтүстік Кореяның ғылым министрі Ли Джон Хо үкімет 2027 жылға қарай төрт қосымша ұшыру арқылы техникалық сенімділік пен тұрақтылықты жақсартуды жоспарлап отырғанын айтты.
Басылым Оңтүстік Корея қазір АҚШ, Ресей, Франция, Қытай, Жапония және Үндістанмен қосылып, салмағы 1 тонна немесе одан да көп жерсерікті орбитаға шығаруға қабілетті әлемдегі жетінші мемлекет екенін атап өтті.