Bugin

Баланы кедей қылатын ата-ананың 4 қателігі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кез келген ата-ана баласының бақытты болуын қалайды, оларға жақсы өмір сыйлағысы келеді. Алайда дұрыс оймен жасалған жақсылықтың өзі баланың болашағына кері әсерін тигізуі мүмкін. Мәселен бір кездегі ата-ананың тәрбиесі бала болашағындағы кедейшілікке жол бастай алады. Балаларын кедей қылатын ата-ананың қандай қателіктері бар?

Еркіндікті шектеу

Көбіне баланың әке-шешесі оған жеке шешім қабылдауына мүмкіндік бермейді, оның орнына дайын инструкция беруге тырысады. Яғни бала үшін ата-ана шешім қабылдайды.

Олар бейсаналы түрде балаға стандартты ойлауды үйретеді. Мысал ретінде сурет салып отырған баланы алайық. Анасы немесе әкесі оған күнді сарымен, шөпті жасылмен боя деп бағдар береді. Бұл – дұрыс емес. Өйткені осы әрекет арқылы сіз баланың фантазиясына тосқауыл қоясыз.

Балаға инструкция бойынша жүрмеуді ұсыныңыз. Тіпті, оның фантазиясы стандарт болмаса да. Біліңіз, ойлау жүйесінің ерекшелігі – табысқа жетудің алғашқы қадамы болмақ.

Арманын аяқ асты ету

Кей ата-аналар балаға арманының абсурд екенін айтып жатады. Мысалыға, «сен ешқашан ғарышкер, әнші, кино актері бола алмайсың», «армандап жүрген яхтаны алу саған қайда?!», «мұның бәрі қиял, армандауды қой да, дұрыс тірлікпен айналыс» деуі мүмкін.

Керісінше балаға қол жетпейтін дүниені армандауды үйрету керек. Өйткені кез келген нәтиже мен табыс – белгілі бір адамның бір кездегі арманы. Ол орындалуы керек болды, орындалды.

«Бай адамдарға» деген жағымсыз көзқарас қалыптастыру

Қарапайым адамдар көбіне белгілі бір деңгейде табысқа, жетістікке жеткен байларды әділетсіз, ұры деп айыптап, қаралап жатады. Ересек адам ретінде кімді бай дейсіз, ол туралы қандай пікір айтасыз – өз еркіңізде. Алайда баланың көзінше бұлай істемеңіз.

Баланың түпсанасында «бай болу – әділетсіз, жаман адам болу», «жақсы әрі пайдалы істерді атқару арқылы көп ақша таба алмайсың» деген секілді ойлардың қалыптаспауы маңызды.

Кедей болуды үйрету

Бала өскен сайын оның шығындарының, сұрайтын заттарының көбеюі заңдылық. Алайда оған «сен көп нәрсе қалайсың» деп айтудың қажеті жоқ. Оның санасына кедейліктің қалыпты жағдай екенін, әркімнің осылай өмір сүретіні туралы ойды салып бермеңіз. Мұның салдарынан бала болашағым бұлыңғыр, бақытсыз боламын, кедейшілікте өмір сүремін деп ойлауы мүмкін.

Шындығында әлемдегі барлық адамның кедей еместігі есіңізде болсын. Балаңызға ерекшеленуге бай болуға мүмкіндік беріңіз.