Bugin
2022 жылдың шілде айында Қазақстанның екі облысында қуаңшылық және сегіз облысында жауын-шашын тапшылығы болады, деп хабарлайды «Қазгидромет».
– «Қуаңшылық Қызылорда облысының Қармақшы ауданы мен Маңғыстау облысының Қарақия ауданында болуы мүмкін деген болжам бар», – делінген жұма күні таратылған ақпаратта.
Ақмола облысының Қорғалжын ауданында, Ақтөбе облысының Әйтеке би және Хромтау аудандарында, Алматы облысының Алакөл ауданында, Қарағанды облысының Нұра және Қарқаралы аудандарында, Қостанай облысының Амангелді және Жангелді аудандарында, Маңғыстау облысының Бейнеу және Маңғыстау аудандарында, Абай облысының Семей маңында және Қызылорда облысының басым бөлігінде жауын-шашын тапшылығы күтіледі.
– «Қазақстанның қалған аумақтарында ылғалдану жағдайлары нормаға жақын, ал Атырау, Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында – оңтайлы болады», – дейді синоптиктер.