Bugin
Қазақстанда өткен аптада елде тиімді тұрғын үй бағдарламалардың біріне айналған «7-20-25» бағдарламасына ұқсас тағы бір ипотека түрі халыққа жол тартатыны белгілі болды. Бағдарламаның аты – «12-20-20».
Шарты мынадай:
- Алғашқы жарна – 20%.
- Сома – А лматы мен Елордада, Шымкентте 35 млн теңгеге дейінгі үйлер, қалған аймақта 25 млн-ға дейінгілер.
- Ипотека пайызы – 11-12%.
- Ипотека мерзімі – 20 жылға дейін.
Бұл ипотеканың ерекшелігі де сол – енді соғылып, енді салынып жатқан тұрғын үйлерге берілетіні. Егер «7-20-25»-пен салынып біткен үйлер берілсе, жаңа ипотекамен жаңадан салынып жатқан үйлердің өзін алуға болады.
Ипотека шамамен 400-500 мың азамат үй алады деп жоспарланған.
«Жаңа ипотеканың жақсы жағы мынада. Біріншіден, берілетін сома әжептәуір үлкен. 35 млн теңгеге дейін. Үстіне ақша қосып, қалаған үйіңізді алуға болады. Екіншіден, салынып жатқан үйдің өзін үлеске қатысу арқылы алуға, сол арқылы арзан бағамен үй алуыңызға болады. Ондай үйлерді Қазақстан Тұрғын үй компаниясында кепілдік тұрған құрылыстан табасыз», - дейді Қазақстан Құрылысшылар ассоциациясының президенті Виктор Микрюков.
Оның айтуынша, бірақ үлеске қатысу арқылы үй алғанда абай болатын нәрсе көп.
«Үлеспен жұмыс істейтін құрылыс компанияларын дұрыс таңдау қажет. Көбінің тіпті құрылыс салуға лицензия мен рұқсаты жоқ. Кейбірінде тұрғын үй салатын жері де жоқ болуы мүмкін», - деп түсіндіреді Микрюков.
Қазір үй бағасы тұрақты. Мамыр-шілде айларында үйдің бағасы біршама түсті. Үйдің бағасының көтерілуіне қазір тек уақытша сұраныс пен құрылыс материалдарының қымбаттауы ғана әсер етуі мүмкін.
Отбасының жалпы табысы 450-500 мың теңгені құраса, 27 млн теңгелік үйге мақұлдау алуға болады. Ай сайынғы төлем шамамен 230 мың теңге болмақ.