Bugin

Бензиннің шекті бағасы бекітілді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

14 шілдеде Энергетика министрлігінің «Мұнай өнімдерінің тізбесін бекіту туралы», сондай-ақ «Мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілеу туралы» бұйрықтары күшіне енді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ведомство мәліметіне сілтеме жасап.

Бұйрықтарға сәйкес Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында Аи-92 және Аи-93 маркалы бензиннің шекті бағасы - литріне 187 теңге, Қазақстанның басқа облыстарында бағалар бұрынғы - 182 теңге деңгейінде сақталады. Екі облыста бағаны түзету бөлшек-сауда сатушылардың мұнай өнімдерін өндіруші зауыттардан алыстығынан логистикалық шығындармен байланысты.

Сондай-ақ, мұнай өнімдері тізбесінен Аи-95 маркалы бензиннің бағасын мемлекеттік реттеу алып тасталды, өйткені Аи-95+ және жоғары өнімдерді өндіру кезінде қымбат тұратын импорттық қоспалар мен бензиндердің жоғары октанды компоненттерінің үлкен шығыны талап етіледі. Импорттық қоспалардың бағасы мұнай бағаларымен және валюта бағамдарымен байланысты.

- «Бұйрыққа сәйкес дизель отынына шекті бағалар өзгермейді және Қазақстанның барлық өңірлерінде бұрынғы деңгейде қалып отыр: Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша, сондай-ақ Абай облысында баға литріне - 260 теңге, ал Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Шымкент, Алматы, Атырау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Түркістан, Маңғыстау облыстарында, сондай-ақ Жетісу, Ұлытау облыстарында - литріне 230 теңге», - делінген хабарламада.

Бұйрықтар күнтізбелік 180 күнге жарамды болады.