Bugin
Қазақстанның Халық қаһарманы, тұңғыш қазақ ғарышкері, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров «Жас Қазақ» басылымына берген сұхбатында қазақстандық әскери генералдар тобы еліміздің армиясына сәйкестендіріп Әскери доктринаға қатысты тұжырымдама дайындап жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Ғарышкердің айтуынша, тұжырымдама таяу арада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынылмақ.
«Кезінде Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Қазақстандағы әскер қатарындағы жалпы қызметті бір жылға түсіргенде мен қарсы болған едім. Жауынгер бір жыл ішінде әскери техниканы ғана емес, қолына берілген қаруын да дұрыстап меңгеріп үлгермейді. Бізге екі жылдық әскери борыш өтейтіндер есебінен армиядағы солдаттарымыздың да санын ұлғайтып алуымыз керек дегенмін. Сонда ең лауазымды азаматтардың өзі «Біз жан-жағымыздағы елдермен тату-тәтті көршіліктеміз. Бейбіт елміз. Ешкіммен соғыспаймыз. Әскердің санын ұлғайту, ақшаны далаға шашу деген сөз» деп пацифистік уәждер айтты», - дейді Тоқтар Әубәкіров.
Халық қаһарманы әскери дайындық сабағы мектептерде аптасына бір рет емес, алты рет өтуі тиіс екенін айтады.
«Ежелгі Римде латынша жазылған мынандай да қағида бар: «Бейбіт өмір сүргің келсе, соғысқа дайындал». Сондықтан да, біздің еліміздің болашақ қорғанысы мықты болуы үшін – жастарымыздың әскери дайындығын мектептен негіздеу керек. Әскери дайындық сабағы мектепте аптасына бір рет емес, алты рет өтуі тиіс. Менің кейінгі кезде бір байқағаным, тіпті мектепті былай қояйықшы, әскерден келген кейбір жас жігіттің өзі қолына мылтықты дұрыс ұстай алмайды. Неге? Ол әскерде қар күреген, аула сыпырған, ары кетсе, еден жуған… Жас өрен ел басына күн туса, елін қалай қорғамақ?
Біздің мектептеріміздің өзіндік әскери-патриоттық тұжырымдамасы болуы керек. Қыз балаларын әскер қатарына Израил жайдан-жай шақырып жатпаған шығар?! Өйткені ол – ел қауіпсіздігі! Біздің жеріміздің байлығына, кеңдігіне қызықпайтын сыртқы дұшпандарымыз жоқ дейсіз бе? Халық та, басшы да ең алдымен осыны жадында мықтап сақтауы тиіс. Қорғаныс министрінің қызметін жыл сайын ауыстырғанмен, Қарулы Күштеріміздің тұғыры мықты болмайды. Жәй бейбіт заманның өзінде Кеңес Одағындағы полигондық, базалық-далалық әскери жаттығу кезінде өте төменгі пайыздық мөлшерде болатын адам шығынына дейін ескерілетін. Құрама Штаттар әскерінде ол қағида әлі де сақталған», - дейді Т. Әубәкіров.
Осылай деген тұңғыш ғарышкер бұл мәселені әскери саламыздағы ең үлкен, ең көкейтесті мәселе деп атады.
«Халық түсінуі керек, менің өз басым әскерімізге қатысты бұл мәселені екі Парламенттің басшысына да, кезіндегі Мемлекеттік хатшыға да айттым. Біртұтас мықты ағзаға айналған сондай бір қуатты күш соңғы отыз жыл ішінде әскери қорғанысымыздың техникалық тұрғыдан болсын, әміршілдік саяси саладан болсын, адымын аштырмайтын ең негізгі жойқын тежеуші күш-тетігіне айналды», - деді ол.