Bugin

Бізге халықтың тілінде сөйлесе алатын ұлттық үкімет керек – Мәжіліс депутаты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса facebook желісіндегі парақшасында қазаққа халықтың тілінде сөйлесе алатын ұлттық үкімет керек екенін айтты, деп жазады Bugin.kz порталы.

«Жаңа Үкіметтің жаңаша жұмысын қашан көреміз?. Ауыл сол баяғы тозып барады. Бір салаға бірнеше басшы болса да, бір-біріне сілтеп, ешкім ешнәрсе шешпейді. Шенеуніктер елмен қалай сөйлесуді білмейді. Үкіметтің әрекетсіздігі сонша, егер барлығын әкімдермен қосып бірер күн басқа жаққа әкетіп қалса да, елде ешнәрсе өзгермейтін жағдайға жеттік. Ендеше олардың не керегі бар?..

Бізге Елдің жағдайын жақсартатын, халықтың тілінде сөйлесе алатын ұлттық үкімет керек!

Президент Үкіметтің жартыжылдық жұмысына «үштік» баға қойды. Үш министрлік – ҚР вице-премьері -Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов, Ауыл шарауашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікғали Брекешов сөгіс арқалады. Бұл үш министрліктің жұмысы қанағаттандырмайды деген сөз. Ендеше олар портфельдерін жинай бастауы тиіс...

Жалпы үкіметтің жұмысы оңып тұрмағаны күнделікті айқын көрінуде. Кеше ғана өңірлерді аралап келген депутаттардың ел алдында әдеттегідей Үкіметтің ауыр кінәларын өздері арқалауына тура келгені белгілі... Президенттің аса мәдениетті, асқан дипломат екенін ескерсек, бұл қойылған «үштік» бағаны еш ойланбай «екілік» деп қабылдай беруге болады...

Иә, біздің үкіметте жаңа дәуірге сай жаңа қарқын, жаңаша жұмыс, ең бастысы жаңа серпін жоқ. Серпін жоқ жерде сенім жоқ!

Бұдан кейін «үштіккке» зорға ілініп тұрған үкіметке үміт қалады ма?

Ендеше, осыдан төрт ай бұрын парламентте айтқанымыздай, Үкіметтің әрекетсіздігі сонша, егер барлығын әкімдермен қосып бірер күн басқа жаққа әкетіп қалса да, елде ешнәрсе өзгермейтін жағдайға жеттік.

Ендеше олардың не керегі бар?..» – деп жазды ол.