Weekend

«Жоқ» деген жалқаудың сөзі немесе Джек Маның Alibaba компаниясын құруына не себеп?

Қытайда бәсекеге қабілетті болмасаң, өмір сүру қиын...

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қытайлықтардың қолынан келмейтіні жоқ деп таңырқайтынымыз рас, бірақ сол«Made in China»таңбасымен шығатын көп өнім интернет сауда арқылы әлемнің кез келген нүк­тесіне Alibaba компаниясы арқылы жөнелтіледі. Өнімдерді өткізудің жолын тапқан Ма мыр­заның сауда желілерінің табысын арттыруға септесетін Alibaba-ны құруына не себеп? Бәрі неден басталды?


Қарапайым музыканттардың отбасында дүниеге келген Джек Ма бала кезден білімнің түбіне түскен азамат емес. Білім деңгейі орташа азаматтың есесіне тіл білуге деген талабы тым жо­­ғары. Жоғары дейтініміз, Джек Ма оқушы кезінен өзі тұратын аймақтағы қонақ үйдің біріне ентелеп жүріп, шетелдік қонақтармен тіл табысу үшін күн сайын баратын болған. Келе-келе туристердің тілін тауып, сая­хатшыларға тегін түрде Ханчжоу қаласын аралатып, тіл сындырған. Жырақтан келген жиһанкездердің көңілін тапқан оның есімінің Джек аталып кетуіне де саяхатшылар септескен. Шын есімі - Ма Юн. Бірақ әлем­дік бизнес нарығына Джек Ма есімімен танылған оның еңбекке араласуының өзі қиындықпен келген деседі. Сабақты нашар оқыған ол мектепте алмаған бі­лімді шетелдік туристердің көз­қарасы арқылы өзін бизнестің адамы ретінде сезіне бастайды.


Талай есіктің табалдырығын тоздырып, жұмыс таппай қинал­ған ол әлемге әйгілі KFC-ге барып, қызмет еткісі келген. Сұқбаттасуға барған 24 адамның 23-і қызметке қабылданып, тек өзі ғана жұмысқа алынбағаны оның намысын екі есе қайрай түседі. Білімін шыңдап, өзінің қабілетті екенін дәлелдеуге тырысқан Джек Ма Америкаға баруға талпынады. Алайда, қырсық шалып, алаяқтардың арбауына түсіп, қаңғырып қалады. Бұрын өзі тегін қызмет көрсеткен ту­рис­терінен көмек сұрап, АҚШ-та аялдаудың амалын іздестіреді. Кейін сол елде жүріп, Қытай туралы америкалықтардың толық білмейтініне қапаланады, интернет көздерінен де аспанасты елі жайында мардымсыз дерекке шыдамай елге оралады.


Америкадан ескі-құсқы компьютерді арқалап, оны жөн­детіп, келешекте интернеттің дәу­рені жүретініне қытайлықтарды сендіргісі келеді. Алайда, өз жерінен жұмыс таппай кеткен Джек Маға ешкім сенбейді. Амалы құрған ол "Билл Гейтс келешекте электронды сауда көзі дамиды деген сөздер айтты" деп, миллиардердің айтпаған сөзін айттыға балап, жұрттың назарын өзіне бұрғызады. Бұрыннан араласқан достарымен бірігіп, "Alibaba компаниясын ашуымыз керек" деген идеяға тоқтайды. Бірақ, достары да теріс бұрылып, оның сөзін келекеге айналдырады. Тек Джектің талабын толық түсінген жақын бір досы бірлесіп бизнес бастауға көшеді. Әйелі мен досының көмегімен 2 мың доллар көлемінде ақша жинап, веб-сайттарды жасаумен айналысады. Үйден отырып бастал­ған бизнеске халық бірден тартыла қоймайды. "Себебі ол кез­дің өзінде интернеттің жылдамдығы төмен, бір сайттың ашылуына 3 сағат кетіп қалады" дейді Джек Ма шетелдік журналистерге берген сұхбатында. Оның бизнесі бір жылға дейін табыссыз болған. Тек кейінгі жылдары ға­на халықтың сеніміне кіріп, компаниялармен келісе бастаған. Қытайдың өнімдерін АҚШ-қа саудалау арқылы Джек Ма әлем­дік бизнестің арнасына түседі.


Қытайдан келетін майда-шүйде заттардан бастап ірі жө­нелтілімдерге дейін онлайн тапсырыстың бәрін қазір Alibaba компаниясы атқарады. Тауар өндірушілер үшін өнімінің өйт­кені, халық үшін уақыттың үнем­­­деліп, тапсырыстың үйге де­­йін келгені олжа. Ал, Alibaba ком­паниясы халық пен кәсіпорынды байланыстырып бергені үшін ақы алып отыр. Интернетте Alibaba-ның табыс табу сценарийлері әртүрлі айтылады. Мә­селен, 2012 жылдың қараша айында "Alibaba Group" компа­ния­сы­ның пайдасы 1 триллион юань­­­нан асып түскен. Доллармен есептегенде шамамен 144,6 мил­лиард АҚШ долларына жетеді.


Бір қызығы, бизнестің қызығына батқан қытайлық Джек Ма зейнетке шығып, компанияның директорлар кеңесінің мүшесі ретінде сайланады. 54 жасқа жеткендегі бұл әрекеті көп­ші­лік­тің пікірін екіге жарды. Бірі пиар жасаудың амалы десе, ен­дігі бизнесте жас буынды даяр­лаудың жолы деп түсінді. Қалай дегенмен де, қажыр-қай­рат, тә­уекелге бет бұру жө­нінде Джек Маның ойларын қоғам қабылдай қойды. Оның "Бі­лі­мің - ешкім сенен тартып ала ал­майтын ең мықты қа­руың. Адам білімсіз де кәсіп іс­тей алады, бірақ бәрібір білім­сіз оны дамыта алмайды" дегені қара қытайларды ғана емес, күллі әлемнің жастарын жігерлендірді.


Мақсат – қытайлық бизнесменнің байлығын айтып мақтау емес. Құжынаған қара халқы бар қытайлықтар арасынан бәсекеге қабілетті болып, әлемге жол салған Джек Ма­ның табандылығын тілге тиек ету. 26 жылдан бері лоторея ойнап, бірде-бірде бір ұтыс көр­мей, ниетінен қайтпаған Джек Маның қажыр-қайратқа толы, табандылығы оның есімін аспанасты елінде жарқыратып тұр.