Bugin
Мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматулинге елден шығуға тыйым салынған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап.
Төменгі палатаның бұрынғы спикері қазір Қазақстанда. Ал оның егіз інісі Ерлан Нығматулин шетелде жүр.
Бұдан бұрын Жамбыл облысы Экономикалық тергеу департаменті 697 млн теңге сомасына монополиялық табыс алуына байланысты (ҚР ҚК-нің 221-бабы бойынша) «Қазфосфат» ЖШС басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастағанын хабарлаған.
11 шілдеде Тараз тұрғындары қаланы тұман басып кеткені туралы ақпарат таратты. Осының салдарынан қалалықтардың көзі жасаурап, тамағы жыбырлаған. Көп ұзамай жайсыз жайтқа минералды тыңайтқыштарды өндіретін «Қазфосфат» зауытындағы апат себеп болғаны белгілі болды.
Жамбыл облыстық экология департаментінің мамандары кәсіпорын жұмысын уақытша тоқтатуға ниетті екендерін айтты. Себебі, ауаға зиянды күкірт сутегінің мөлшері шамадан тыс тарап кеткен.
«Қазфосфат» ЖШС құрылтайшылары Нидерландыда тіркелген «Kazakhmys Resources B.V.» компаниясы, сондай-ақ мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматулиннің ұлдары – Нұрхан мен Нұржан Нұрлановтар. Компанияның бас директоры – Нұрхан Нұрланов. (Нұржан Нұрланов болса 2022 жылдың мамырына дейін «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС басқарған).