Bugin
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 72 жасқа дейін жұмыс істеуге ниетті. Бұл туралы ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты. Бұл туралы Bugin.kz порталы Ulysmedia.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Министр қоғамда әйелдердің зейнет жасын төмендету мәселесінің қоғамда жиі көтеріліп жүргенін жеткізді.
– «Биыл әйелдер 60,5 жасында, ер азаматтар 63 жасында шығып жатыр. Осы мәселені аналар да көтеріп жатыр. Осыған дейін де қоғам мүшелерімен кездесіп, айтып көрсеттім. Бізде 50-60 жасқа дейін 967 мың азамат шығады. Оның 50 пайыздан астамы - жұмыс істейтін азаматтар. Олардың еңбекақысы 175 мыңнан жоғары. Жұмыс істемейтін азаматтар 35-40 пайызын құрайды. Олардың еңбек өтілі жоқ. Егер олар зейнетке шықса, базалық зейнетақы ғана алады», – деді Дүйсенова.
Ведомство басшысы зейнетке шығуға асықпайтынын айтты.
– «Мүмкіндігім болса, жұмыс істегім келсе, 72 жас та жақсы деп отырмын. Жұмыс істей алсам, неге зейнетте отыруым керек. Зейнетке қай уақытта шығу керек болса, сол уақытта шығамын. Одан кейін мүмкіндігім болса, қоғамдық жұмыс болса да, өз отбасыма жұмыс істеуге дайынмын», – деді министр.