Bugin

Қазақстанда жеке куәлікті алып жүру жеңілдеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан азаматтары енді жеке куәліктің өзін емес, сұраған жерге электронды нұсқасын көрсетке жеткілікті.

Бұл – мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне инновацияларды ынталандыру, цифрландыруды дамыту, ақпараттық қауіпсіздік және білім беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына орай жүзеге асырылып отырған жеңілдік.

Бұл жайлы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі цифрлық трансформациялау департаментінің директоры Назгүл Бажаев айтты.

«Электронды үкіметтің мобильдік қосымшасында кез келген азаматтың жеке куәлігі, басқа да құжаттары көрсетіліп тұр. Қандай да бір мекеме азаматтан куәландыратын құжат сұраса, оның түпнұсқасын емес, электронды түрін көрсетсе жеткілікті. Бастысы – электронды құжатты жүктеп алуы қажет. Ал сұраған жерге QR код арқылы құжатты алып көрсетсеңіз болғаны. QR код қазір барлық жерде бар», - деп түсіндірді  Назгүл Бажаев. 

Цифрландыруды дамыту туралы заңда электронды құжат қызметін кеңейту көзделген. Қазір елімізде мобильдік қосымшадағы сандық құжаттарды алуға деген сұраныс екі есе өскен. Қазіргі таңда eGov Mobile қосымшасы арқылы жеке куәлік, жүргізуші куәлігі, туу туралы куәлік, неке туралы куәлік, тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы куәлік, некені бұзу туралы куәлік, техникалық паспорт, COVID-19 үшін ПТР тестілеу нәтижесі, студенттік билет, диплом, зейнеткер куәлігі, Қандас куәлігі, көлік құралын тіркеу туралы куәлік,  әлеуметтік ID, вакцинация паспорты, көп балалы отбасының жәрдемақысын алу, мүгедектік куәлігі, атаулы әлеуметтік көмек алушының куәлігі сияқты құжаттардың электронды нұсқаларын оңай жүктеп алуға болады.