Bugin

Бестөбе алтын кен орнында тағы бір адамның мәйіті табылды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ақмола облысындағы Бестөбе алтын кенішіндегі шахтадан алтынды заңсыз іздеумен айналысқан тағы бір адамның мәйіті табылды. Бұл туралы «Алтыналмас» АК» акционерлік қоғамының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

«Бүгін Бестөбе кенішіндегі «Западная» шахтасынан 610 метр тереңдікте жүргізілген тексеріс барысында 3 адам анықталды. Оның бірі өлі күйінде табылса, екіншісі түрлі дене жарақатын алған», - делінген хабарламада. 

Мекемеден атап өткендей, шахтадан табылған адамдардың екеуі Заводской ауылының тұрғындары, үшіншісі Жаңа Қарабұлақ ауылының тұрғыны.

«Шахта ішінен табылған адамдардың барлығы да Бестөбе кенішінің жұмысшылары емес. Үшеуі де бірнеше рет, соның ішінде күзетілетін нысандарға заңсыз кіргені үшін жауапқа тартылған», - деді.

Анықталғандай, аталған үш адам алтын кенін заңсыз өндірумен айналысқан. Оларды шахта ішінде опырылған тас үйіндісі басып қалған. Айта кетсек, аталмыш шахтаның жұмыс істемей тұрғанына бір жылдай уақыт болған. Іші жерасты суына толы, сондай-ақ желдету және басқа да инженерлік жүйелері істен шыққан. Сондықтан шахтаға кіру адам өмірі үшін қауіпті.

Еске салайық, бұдан бұрын Бестөбе алтын кенішінен ауыл тұрғынының денесі табылған еді.