Bugin

Көкшетаудағы балабақшада балаларды улап жатыр ма?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Әлеуметтік желіде Көкшетаудағы балабақшалардың бірінде белгісіз зат шашып жүрген маска таққан ер адамның видеосы тарап кетті, деп жазады Bugin.kz порталы Stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.

Желі қолданушыларының айтуынша, балаларды құсу мен диарея симптомдарын тудыратын заттармен улап жатыр. Кейбірі бұл үшін жарамдылық мерзімі өткен COVID-19-ға қарсы вакциналар қолданылып жатқанын айтады. Ал Stopfake.kz сайты мұның бәрі «жалған» екенін мәлімдеді.

ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті өкілі бұл видеоға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, видеода «Көкшетау Дезинфекция» ЖШС жоспарлы түрде дезинсекция шараларын жүргізген сәт көрсетілген. Бұл жұмыс 22 шілдеде сағат 20.00-де балабақша алаңында балалар болмаған кезде жүргізілген.

«Өңдеу шаралары жәндіктерді жою мақсатында жоспарға сәйкес мезгіл-мезгіл жүргізіледі, бұл жолы құмырсқалар мен араларға қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілді. Оны оқытылған қызметкерлер Қазақстан Республикасында рұқсат етілген құралдармен жүзеге асырады. Құрметті облыс тұрғындары, кейбір адамдар ойлағандай, бұл іс-шаралардың коронавирус инфекциясына қатысы жоқ екенін хабарлаймыз. Жалған ақпаратқа сенбеулеріңізді және оны таратпауларыңызды сұраймыз», – деді Cанитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев.