Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы заман талабына сай Наурыз мерекесінің форматын түбегейлі өзгерту қажеттігін мәлімдеді. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Министрдің айтуынша, енді Наурыз мерекесін басқаша тойлау керек.
"Заман талабына сай Наурыздың форматын түбегейлі өзгерту қажет. Наурыздың айрықша тәлім-тәрбие, қадір-қасиет беретін түрлері өте ерекше. Сондықтан, Наурыз мейрамына жаңа реңк беру үшін, адамның ұлтына, діни бағыныштылығына қарамастан, адамгершілік құндылықтарға мән бере отырып, Қазақстан халқы түгел қамтылатындай мазмұнын жасау керек", - деді ол.
Арыстанбек Мұхамедиұлы ел арасында "Наурыз мерекесі бұқаралық сипаттан ажырап, сахналық кейіпке еніп, аздаған жұртшылықтың қызықтауына ғана айналған фольклорлық қойылым көрінісінен аспауда" деген пікір қалыптасқанын ашық айтты.