Bugin
Шымкент қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандары Шымкентте базарлар жабылатыны туралы желіде тарап жатқан ақпаратқа түсінік берді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Мамандар берген мәліметке сүйенсек, әлеуметтік желіде өткен жылғы карантин тұсында департамент басшысының орынбасары А.Ахметовтің телеарнаға берген сұхбаты тарап жатыр. Онда санитар дәрігер карантин күшейтілгенін айтып, базарлар жабылатынын хабарлаған. Ал көпшілік жұрт видеоның 2021 жылы түсірілгенін ескермей, түсінбеушілік танытып жатыр.
«WhatsApp желісінде Шымкент қаласындағы базарлардың жабылуы туралы тарап жатқан ақпарат шындыққа жанаспайды. Бұл - департамент басшысының орынбасары А.Ахметовтің 2021 жылы берген сұхбаты», - дейді Шымкент қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұртшылықпен байланыс жөніндегі бас маманы У.Әлібаева.
Шымкент қаласы коронавирус бойынша қазіргі таңда «жасыл» аймақта. Карантиндік шектеулер қарастырылмаған. Қалада КВИ-мен науқастану санының өсуіне байланысты дәрігерлер сақтық шараларын сақтауды, қоғамдық орындарда және қоғамдық көлікте бетперде тағуды, қолды антисептикпен жиі өңдеуді, әлеуметтік арақашықтықты сақтау керектігін айтуда.