Bugin

Мультхикая тек балалар көретін нәрсе деген сөздің өзі стереотип

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Балапан» арнасынан көрсетіліп жүрген ұлттық құндылықтарды дәріптеп, көненің көзіне айналып бара жатқан дүниелерді қайта жаңғырту мақсатында жасалған «Ырысты ыдыстар», «Қаһарман», «Әсем әуен» сынды мультхикаялардың сценариін жазған Нұрсәуле Толқын ханым анимация саласындағы маңызды мәселелер жайлы сөз қозғады. Белгілі бір анимацияның сценариін жазу барысында нені ескеріп, қандай дүниелерді қозғау керектігін, тіпті идеяның өзі қайдан келетінін, оны қалай жанды дүниеге айналдырып, кейіпкерлерді сөйлету құпияларымен бөлісті. 

«Балапан» арнасында көрсетіліп жүрген «Ырысты ыдыстар», «Қаһарман», «Әсем әуен» сынды жобаларға қалай келдіңіз?  

Бастапқыда «Anyzfilm» киностудиясынан анимация жасауды үйреніп жүрдім. Сол кезде неге қазақша анимацияға сценарий жазып көрмеске деген ой келді. Шығармашылық қабілетімді байқаған Тұрдыбек Майдан мырза бірнеше жобаға синопсис жазып көруге ұсыныс айтты. Сосын сценарий саласына кірісіп кеттім. Бастапқыда, бірнеше идеялар болды. Біріншісі, «Ырысты ыдыстар». Оның идеясы Мақпал Жұмабай ханымға ұнады. Сосын, оны әрі қарай алып кеттік. Мен сценарийге осылай келдім. Негізі бізде бұл сала кенжелеп қалған. Көбісі шетелдік анимацияларды жақсы көреді.  

«Ырысты ыдыстар» мен «Әсем әуен» («Күмбір мен Сыңғыр») екеуі «Anyzfilm» киностудиясында жасалды. Екеуінің де басты мақсаты ұлттық құндылықтарды дәріптеу. «Ырысты ыдыстарда» қазақтың ескі, көп адамдар біле бермейтін ыдыс-аяқтардың атауы айтылады. Бұрын ата-бабаларымыз киіз үйде көшіп қонып жүрген кезде қолдануға қолайлы етіп жасаған ыдыстар, қазіргі кезде архаизмге айналып бара жатыр. Соларды - жаңғырту.  

Сосын «Күмбір мен Сыңғыр» атауы айтып тұрғандай әуен. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарын таныстыру. Бүгінгі және келер ұрпақтың қазақтың музыкалық аспаптары қалай жасалды, атауы қандай деген сынды сұрақтарына жауап ретінде жасалған танымдық-анимациялық мультхикаялар. Ал, «Қаһарман» деген мультхикая басқа анимациялық студияда жасалды. Мультхикаяның негізгі идеясы қазақ қалыптаспай тұрғандағы ата-бабамыз Анахарсистен тартып Күлтегінге дейінгі қаһармандардың ерлігін таныстыру. Олардың әрбіріне 7 минуттық анимация жетпейді әрине. Олардың әрқайсысына бір кино түсіру керек деп ойлаймын. Қаһармандар балаларға өте қысқа анимациямен таныстырылды. Қазір соңғы жасап жатқан туындымыз Бекзат Саттарханов туралы болмақ. «Бекзаттың балалық шағы» - жақсы деңгейде шығып, балаларға ұнайды деп ойлаймын. 

Сценарий жазар кезде алдын ала дайындаласыз ба? Балалар психологиясын зерттеп, басқа да мультфильмдерге талдау жасайсыз ба? 

Әрине, сценарий жазар кезде алдын ала дайындаламын. Әдетте шығармашылық адамдарына тапсырыс емес, өз ойындағы нәрсені түсіру керек болады. Сол кезде қандай тақырыпты көтеріп, жазуға болады деп жан жақтан бақылайсың. Бізде қозғалмай жатқан мәселелер өте көп. Оларды қалай қозғап, қалай көрсетуге болады деп ойланып, түрлі ақпараттар іздеп көресің.  

Әрине, өзіміз де бала болып өстік. Біздің кез бен қазіргі балалардың балалық шағын салыстыруға мүлде келмейді. Біз басқа нәрсе көріп өстік. Ал, қазіргі балалар мүлде басқа дүниелерді қарап өсіп жатыр.  Сценарий жазар алдын қазіргі балаларға не ұнайды, оларды қалай тартуға болады деген нәрселерге бас қатырамыз. Бала психологиясын барынша зерттеп, зерделеп көруге тырысамыз. Әсіресе шетелдік мультфильмдерге талдау жасаймын. Шетелде қалай көрсетеді. Ондағы балалар мен біздің балалардың арасында қандай айырмашылықтар бар. Бәрібір де бізге ұқсамайды, менталитет басқа. Солай болса да менталитет деп артқа тартқаннан гөрі, әр нәрсені ашық жарқын, кемпірқосақ секілді көп түсті етіп көрсетіп өсірген дұрыс деп ойлаймын. Әрине, бұл менің жеке көзқарасым. Егер бізбен ортақ тақырып болса шетелдік мультфильмдерге талдау жасаймын. Мысалы, «Ырысты ыдыстар» мен Дисней шығарған  «Сұлу мен құбыжық» мультфильмінің ұқсастығы бар. Құбыжықтың үйіндегі ыдыс-аяқтар мен жиһаздардың барлығына жан бітіп, олар сөйлеп жүреді. Мұнда да сол секілді ұқсастық бар.  

Жаңа сериалдардың тақырыптары мен идеяларын қайдан аласыз? Олардың әрқайсысымен жұмыс істеу қанша уақытты алады? 

Маған басқалар осы нәрсе туралы жазу керек еді деп, идея айтады. Содан кейін мен ойланып, идеяға жан бітіруге, ондағы кейіпкерлерді сөйлетуге тырысамын. Қандай идея көтеріп, не жазуға болады дегендей. Әрине, бізде арнайы белгіленген уақыт бар. 

Сізді не шабыттандырады (режиссерлер, сценаристер, суретшілер, жазушылар, жалпы үлгі алатын адамыңыз бар ма?)?

Мені әлдебіреу шабыттандырады деп айта алмаймын. Мысалы, кітап оқып отырған кезде ойың дамиды, қиялың шарықтайды. Шабыт деген сол шығар. Ойланасың. Ол ой сенің бір туындының сценариін жазып шығаруыңа түрткі болады.  

Сіздің ойыңызша қазақ анимациясын қалай дамыту керек? Отандық анимацияда не жетіспейді? Неге прокатқа шықпайды? 

Отандық анимацияға көп нәрсе жетіспейді. Көбіне біз ақша, маман жетіспейді деп айтып жатамыз. Мұның бәрі сылтау деп ойлаймын. Негізі еңбекқорлық жетіспейді. Отандық анимация неге прокатқа шықпайды? - деген сұрақ мені де ойландырады. Ол күн де келер. Аз ғана күту керек. Бізде тіпті кей шетелдік мультфильмдерді де шығармай жатыр. Мұнда шектеулер, таптаурын стереотиптер бар.  

Прокатқа шығатын мултфильм қандай болу керек? Ол балаларға да, ересектерге де ұнайтын, ақшаны да жинайтын болу керек. Біздегі мультфильмдердің прокатқа шықпау себебі, өндіріс аз. 2017 жылы жарыққа шыққан «Мұзбалақ», «Күлтегін» мультфильмдерімен әлі жүрміз. Арада қысқаметражды мультфильмдер болды, бірақ прокатқа шықпады. Өнім көбейген кезде сапа да жоғарылайды. Сол кезде шығады деп ойлаймын.  

Анимацияны дамыту үшін, жан жақты көңіл бөлу керек. Биліктегілер, осы салада жүргендер және қарапайым бұқара көңіл бөлуі тиіс. Сосын шетелдік туындыларды алға тарта бермей өзіміздің өнімді дамыту керек қой. Өзіміздің отандық өнімдерге күш салу керек. Қолдау керек. Даму сонда болады. Бәсекелестік бар жерде жақсы өнім шығары сөзсіз.  

Мультхикая тек қана балалар көретін нәрсе деген стереотип бар. Мұны қалай өзгерту керек!?

Бізде балалар көретін нәрсе деп қарайды. Мысалы, Pixar, Dysney, Dream Works сынды алып студиялардың көрсетіп жатқан мультфильмдерінің көбісін балалар түсінбейді. Бірақ, оларда ересектер де көреді. Біздегідей стереотип жоқ. Бірақ, бір айта кетері барған сайын ондай стереотип азайып жатыр. Бізде мультфильм көретін жастар қатары көбейіп келе жатыр.  Мультхикая тек балалар көретін нәрсе деген сөздің өзі стереотип сияқты.