Bugin

Тәліптер Тәжікстанды бір аптада басып аламыз деп қорқытты

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Тәжікстанның билігі Ауғанстанның ішкі саяси істеріне араласуын қойсын. Қоймаса, тәліптер Тәжікстанды бір-ақ аптада жаулап алады. Осылай деп мәлімдеді «Талибан» қозғалысына (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) тиесілі 217-ші армия корпусы командирінің орынбасары, молда Джан Мохаммад Хамза.

Мұны командир тәліп үкіметінің министрлігімен кездесуде сөз сөйлеп тұрғанда айтқан. Бірақ тәліп командирінің ескерткен бір дүниесі бар: Ресей Тәжікстанды қолдауын қойса ғана тәліптер әскери басқыншылыққа бармақ.

Тәліп үкіметі мен мемлекеттік орган өкілдерінің Тәжікстанға бұлай қоқан-лоқы көрсетуі жиі боп тұрады. Мұндай мәлімдеме ресми трибуналдан айтылмаса да, жалпы тәліп үкіметінің пиғылы мен ниеті былай да көрсетіп тұрғандай.

Ауғанстандағы Ислам партиясының негізін қалаған, бұрынғы премьер-министр Гульбеддин Хикматияр «Тәжікстан Ауғанстаннан қашқан саяси оппозиционерлерді паналатып отыр, бұл Ауғанстан үкіметіне жасалған қастық, бізге жарияланған соғыс» деп мәлімдеген.  

Ал тәліптердің бір тобы Тәжікстанға басып кіруді мүлде қолдамайды. Мәселен, тәліп қозғалысының өкілі Забиулла Муджахид «Тәжікстанға басып кіруге жол берілмейтінін» айтқан. Бұл мәлімдемені ол Ташкентте өткен халықаралық конференцияда айтты.

Өз кезегінде Тәжікстан да ауған билігінің ісі мен саясатына мүлде араласып отырмағанын мәлім еткен.

Ресми мәлімдемелер бәрін жоққа шығарып отыр, алайда тәліп пен тәжік үкіметі арасында көрінбес кикілжіңнің бары байқалып қалып жатыр.