Экономика
Арманы асқақ кәсіпкер жігітпен сұқбат
Мемлекеттің шағын және орта бизнесті дамыту үшін күш салып, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасын да халық ішінде кеңінен насихаттауы өскелең ұрпаққа, халықтың әлеуетін көтеруге бағытталған идея. Аталған идеяның ел экономикасына тікелей әсер ететінін түсіну керек.
Елімізде шағын және орта бизнесті дамытып, кәсіп саласына бет бұрып жатқан жастардың саны өте көп. Олардың ішінде жеке кәсібін айналдырып қана қоймай, халық үшін, мемлекет үшін өзінің кәсібін дөңгелетік отырған азаматтар бар.
Бүгінгі тақырыпқа тұздық болып отырған жас кәсіпкер 20 жастағы Нұржас Жарасұлы. 20 жасында жетістікке жеткендердің қатары өткен жылдардың еншісінде көптеп кездескенімен, дәл қазіргі уақытта сирек. Себебі, ол кездегі 20 жас арасымен бүгінгі 20 жасты салыстыруға мүлде келмейді. Дегенмен, өмірінің екі он жылын білім мен кәсіпке арнаған Нұржастың айтары бар.
Buginnen basta: Нұржас қош көрдік! 20 жасында кәсіпке келу, одан бөлек мыңдап, жүздеп емес, миллиондап ақша айналдыру кейбір жастардың түсіне де кіріп шыға қоймас. Сенің бұл ынтаңды кім ашты? Жалпы кәсіпке қалай келдің?
Нұржас: Қайырлы күн! Кәсіпкер болуға деген ынтам бала кезімнен болды. Неге екенін білмеймін, бірақ кәсіп деген сөздің түп мағынасын түсінгенге дейін мен үшін өмір сүрудің өзі ақша табу деп ойладым. Ал қазір ел мүддесі үшін жұмыс жасауға бағытталғандай боп көрінеді. Кәсіпкер – мен үшін бір салаға байланбаған, жан-жақты қасиеттерімен көзгет үскен еркін адам.
Мен 14 жасымда адам өмірінде табиғи түрде болатын, барлық оқу-білім этаптарының: мектеп, жоғары оқу орындарының мақсат-мүддесі табысты болуға емес табыс табуға көзделгенін түсіндім. Сол кезде көңілде болған күдікті ойдың бірі: «Неге адам баласы барлық этаптардан аттап өтіп, табысқа жете алмайды?». Осы сұрақтың жетегінде жүріп ақыры 15 жасымда Тараз қаласында шағын кәсібімді бастадым.
Ең бірінші, Тараз және Алматы қаласын салыстыра отырып, шағын қаладағы сұранысты қанағаттандыру үшін барлық нарыққа керек және сұранып тұрған сұраныстарды қанағаттандыруға тырыстым. Сізге бір қызық айтайын, 15 жасымда қалтамда көк тиын болған жоқ,бірақ алғашқы капитал салмай-ақ (қаржыландырусыз) кәсіп ашуға болатынын түсіндім, оған көзім анық жетті.
Ең алғашқы кәсібім «Тәтті бәліштер» кафесін ашумен басталды. Бұл адамдармен тіл табысу мен нарықты зерттеу арқылы іске қосылған жоба болатын. Бір жағы құдайдың арқасында, енді бірі ақыл мен ізденістің арқасында 1 айдың ішінде тек өзімнің кәсібіме тән жаңа рецептті таба білдім және бірнеше рет сынаудан кейін жаңа өнімге деген халықтың көзқарасы оң болды, сұраныс та артты. Осы салада жүріп қонақ үй кафесінің жартысын табыстың 20% берумен жалға ала алдым. Бұл 15 жасар бала үшін үлкен шабыт.
Жасыратыны жоқ, алғашқы табыс 300-400 мың теңге болса, шығындардан кейін қолға қалған таза пайдам 200 мың теңгені құрады. Аталған ақша айналымы ай сайын тұрақты түрде қайталанып отырғаннан кейін бе, өзімді кәсіпкер ретінде сезіне бастадым. Əлемдік деңгейдегі ірі кəсіпкерлік аренасындағы тұлғалардан үлгі өнеге алудан басталған ұмтылыс, өмірдің заңы мен заңдылығын, кəсіпкерліктің қыр сырын көрсетер ұстаздарды табуға қол ұшын берді. Өмірде адам мүмкіндігін іске асыруға деген шектеудің жоғына көз жеткізгеннен соң, еркіндік: материалдық құндылықты қалыптастыруға деген ішкі жалын, бұл тек бір индивидтің жеңісі емес, қарапайым халыққа деген жеміс бола алатынын білдірген еді. Бұл менің кəсіпкерлікке деген алғашқы сəтті бола алған балалық қадамым.
Buginnen basta: Кәсіпке 15 жасыңда келуіңнің өзі көп адамның қолынан келмейтін іске тәуекел жасағаныңнан болар. Бала күнінде айына 200 мың теңге тауып жүрген Нұржас кім?
Нұржас: Есімім – Нұржас. Жарастың баласымын. Тегім – Орынбасар. Еліміздегі 2 мың жылдық тарихы бар Тараз қаласының тумасымын. 1999 жылы 28 қаңтарда дүниеге келдім. Қазақ болған соң руын қосып айтып жатады, айта кетейін, Ұлы жүздің ішінде Ошақты, оның ішінде Тасжүрекпін. Одан кейін Сейіт деп кете береді. Жалпы сұрақ өзім туралы болған соң, айтайын, мен үшін мектепте білім алудың екі бөлімі болды.
Біріншісі, алғашқы 1-6 сыныпты Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектепте оқыдым. Кейін сол кезде біреуге арман, біреуге қолжетімді бола бермейтін Қазақ-түрік лицейінде білім алдым. 2016 жылдан бастап Білім инновация лицейі атауымен аталып кетті.
Мектептегі кезең өте қызық оқиғалармен есте қала алды. Əрине, мектептегі бала Нұржас өте бұзық, сабақтан қашуды білетін, ата-анасын апта сайын мектепке шақыратын оқушы еді. Бірақ соған қарамастан, анамның темірдей тəртіп орната алуының арқасында, жастайымнан əртүрлі спорт үйірмелері мен тілдік курстарға баруға уақыт таба білдім. Мектептен кейінгі кезеңде жоғарғы оқу орындарының ішінде Астанадағы орналасқан Назарбаев Университетіне түсу мүмкіндігі болды. ҚТЛ-дің ағылшын мен математикадан тереңдетілген білімінің арқасында олимпиада қатысушысы болған едім.
ҰБТ тапсырудың өзі үлкен күлкілі оқиғалармен серіктесіп өткен еді. Тереңдемей тек нəтижесінің аз болғандығын айтқан жөн болар, бірақ бір ескерер дүние, ол кезде 11 сынып оқушысы кəсіпкер ретінде үлкен нарыққа шығуға талпыныс жасап жүрген едім. ҰБТ дан кейін UİB оқу орнында 2,5-3 ай оқып, кəсіпкер болу үшін ЖОО оқу міндетті емес екенін түсіндім.
Buginnen basta: Жоғары оқу орнынан шығып кеттің бе?
Нұржас: Солай деуге болады.
Buginnen basta: Елімізде өзің секілді жалындап тұрған жастарды қолдауға арналған бағдарлама көп. Солардың бірі шағын және орта бизнесті қалыптастырудағы бірнеше мемлекеттік идеялар. Сенің бұл жағынан келгенде қосып жатқан үлесің қандай? Кешегі емес, бүгінгі Нұржастың кәсібі қандай?
Нұржас: Негізі әр кәсіп ашылған сайын, мемлекеттің экономикалық жағдайы өсе беретіні белгілі. Біздің қазіргі таңда басты жобамыз – «Мой Дом» компаниясы.
Компанияның негізгі міндеті, тіпті миссиясы деп алайық: 6 ай бойына еш уайымсыз үй шаруасындағы сантехника мен электрика құрылысының ақауларынан сақтандыру;
Жұмыс орнын ұсыну;
Ғаламтордағы мүмкін болатын қауіпті шақыртулардан сақтау және тағы басқа қажеттіліктерді ұсынамыз.
Елестетіп көрейік, үй ішінде техникалық жақтан ақаулар пайда болды. ол мәселені шешу үшін біз ғаламтордағы іздеу сайттарынан, түрлі арнайы ашылған онлайн мекемелерден көмек сұраймыз. Алайда, олардың нағыз маман екенін, барлығын дұрыс, тыңғылықты және ұқыпты жасайтынына көзіміз жетпейді. Сенімді бола алмаймыз. Одан бөлек бір шақырған көмегіңіздің құны – 5000-7000 теңге. Ал бізде 1 емес 6 айлық сақтандыру құны – 10 890 теңге. Біз компанияның абройы мен беделі үшін нағыз мамандарды жасақтадық. Олар білімді, ұқыпты және өз істерінің шебері. Бізге жұмысқа келетін адамдар бір реттік пікірлесумен тоқтамайды. Бірнеше кезеңдерден өтеді. Барлық кезеңнен сүрінбей 100% нәтиже көрсеткен маман ғана «Мой Дом» компаниясының қызметкері бола алады.
Біз келген қызметкерлерге барлық жағдайды жасап беруге тырысамыз. Олардың өздерін жайлы сезінуі біз үшін өте маңызды.
Біздің компанияның атын «Мой Дом» деп қоюымыздың өзі бекер емес. Бұл сіздің ғана емес, халықтың үйі деп қараңыз, яғни бұл жобаға әр тұтынушыдан түскен 1 евро қайырымдылық қорға кетеді.
Buginnen basta: Жеке бастың да, халықтың да қамын ойлаған жобаң жақсы екен. Сәтін салса, әлі биік белестен көреді екенбіз.
Нұржас: Иә, менің басты мақсатым – білгенімді, көргенімді, жиған білімімді жаңа кәсіпкерлермен бөлісу және кәсіпті енді бастауға бел буған жастарға үлгі ретінде көрсету.
Buginnen basta: Кез келген саланың құлдырайтын кезі болады. Бұл әсіресе кәсіп саласына тығыз байланысты. Жас болсаң да кәсіпте жүріп опық жеген кезің немесе қарыздар болған кезің болды ма? Қандай сабақ алдың?
Нұржас: Мен өзім кәсіпке келгенге дейін өмірдегі ұстаным жағынан қателескен жоқпын. Мен оған сендім. Ал кәсіп жолында тар жол, тайғақ кешкен кездерім өте көп. Сынақсыз кәсіпті жүргізіп кетті дегендерге сеніммен қарай алмаймын. Мәселен, өзім алғаш кәсіп саласында жүріп Алматыға келген кезде 17 миллион теңгеге қарыздар болып қалдым. Осы мәселені шешемін деп жүріп тағы оған қоса 20 миллион теңгеге борыштар болдым. Ең қызығы, бұл миллиондаған (кәсіпкерлер «лимон» деп жүр ғой) ақшадан құтылуға маған менің ең сенімді командам көмектесті. Бәріміз жеңілістің артын жеңіске ұштастырып жібердік. Жасы жиырмаға жетпеген бала үшін бір емес, жиырма миллиондап қарызға кіру өте қорқынышты түс қой, бірақ мойыған жоқпын, бұл мәселені де шештім. Бұл маған үлкен тәжірибе және сынақ болды.
Тәжірибе – ақиқатты тіке қарау және біздің танымымыздың өсуі. Кез келген кәсіпкердің жетістікке жетуі ең бірінші ниетіне байланысты. Ниет түзелмей, істің бәрі бекер.
Buginnen basta: Ең алғашқы табысың және ең үлкен табысы қандай? Жасырын болмаса әрине...
Нұржас: Жоғарыда айтап өткендей, алғашқы кәсіп мектеп қабырғасында жүріп басталды. Тәтті тоқаштардың арқасында айына 200 мың тауып жүріп күн көрсем, кейінігі кәсіп кеңейіп, айына 2-3 миллион теңге табатын күнге де жеттім. Мақсатым өсу, өрлеу болғандықтан тоқтаған жоқпын. Кәсіпкерлердің негізі айына миллион тапқан соң, өзін миллионер сезінеді. Бұл – қателік. Мен әлі де өсу жолындамын. Соңғы және ең қомақты табысым 150 мың АҚШ доллары. Алайда, бұл ақша ғой. Бірде болады, бірде болмайды. Мен алға қойған мақсатыма жету үшін бұл жетістікпен тоқтап қала алмаймын.
Buginnen basta: 20 жастағы Нұржастың жетістігін білдік. Болашаққа қандай жоспар? 40 жастағы Нұржас қандай болады?
Нұржас: Өте қиын сұрақ, бірақ 35 жасымда 700 млрд доллар тапқым келеді және соған жетемін. Байып кету үшін емес, осы ақшаны елімнің болашағы үшін жұмсаймын. Ал 40 жасымда рухани жақтан да, материалдық жақтан да биік әрі тәуелсіз боламын. Бұл арман емес, бұл өмірге не үшін келдім деген мақсаттың жауабы.
Buginnen basta: Ісіңе береке берсін! Өзіңдей қазақ жастары елдің ертеңі үшін еміреніп тұрса біз үшін үлкен жеңіс. Әлемдегі ең бай адамдардың тізімін сырып тастаған саған табыс тілейміз! Рақмет!