Bugin

Мектеп формасының ақшасы ата-аналардың жеке шотына аударылатын болды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елімізде тұрмысы төмен отбасындағы оқушыларды мектеп формасымен қамтуға 15 млрд теңге бөлінбек. Ол көмек арқылы 418 мыңнан аса баланы жаңа оқу жылына дайындау көзделген. Сонда әр балаға шаққанда 37-40 мың теңгеден айналатын қаражат ата-аналардың есепшотына аударылады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы «Хабар» телеарнасына сілтеме жасап.

Бір қызығы, республика көлемінде қолға алынған бұл жаңа бастама тек Жетісу облысында ғана жүзеге аспайды.

Бұл жаңалықты естіген тұрмысы төмен отбасылар сапасыз форма үлестірілгеннен гөрі, көмектің ақшалай берілгенін құп көріп отыр. Өйткені қажетті мектеп формасын өздері таңдап алмақ. Ал Жетісу облысында тұрмысы төмен отбасындағы 14 мыңнан астам балаға костюм-шалбар, жейде, сөмке және кеңсе тауарларын сатып алу көзделген. Ол үшін 361 млн теңгеден аса қаржы қарастырылып отыр. Әр оқушыға шаққанда 25 мың теңгеден айналады. Ол не себепті жаңа жүйемен емес, мемлекеттік сатып алу негізінде жұмсалатынын сала жетекшісі түсіндірді.

«Ол өзгеріс әлі заңды күшіне енген жоқ. Сол себепті, ата-аналардың есепшотына қаржы қарастырылмайды. Жетісу облысы бойынша жалпыға міндетті білім беру қорынан қаржы қаралған. 14 мыңнан аса оқушыға мектеп формасы және кеңсе тауары ретінде көмек көрсетіледі», - деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Адамбекова.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын, табысы жан басына шаққанда күнкөріс деңгейінен төмен отбасындағы балаларды, жетім және асыраушысынан айырылған оқушыларды жаңа оқу жылына дайындауға арналған көмек биыл қалыптасқан жүйе негізінде беріледі. Ал келесі жылдан бастап қаражат ата-аналардың жеке есепшотына аударылмақ.