Bugin
Әрбір ата-ана баласына жақсы тәрбие беруге тырысады. Алайда өмір болған соң, екі адамда қарым-қатынас болған жерде қателіктің болуы да заңды. Ескеретін жайт, балалар кешіретін және мүлдем кешіре алмайтын қателіктер болады. Bugin.kz порталының тілшісі кешірілмейтін қателіктер туралы тарқатып жазды.
Бақылаудың шамадан артық болуы
Тәрбиенің түрі көп. Кейбір балаларды ата-аналары 7-8 жасқа дейін сыртқа жалғыз жібермей, қатал қарайды. Ал кейбірі 4 жастан бастап еркіне кетіп үйренген. Бұл жерде «дұрыс» немесе «дұрыс емес» деген түсінік жоқ. Ең бастысы, ата-ана баласының қандай екенін біліп, таным-түсінігін түйсінуге тиіс.
Қыз баланы жалғыз жіберудің қорқынышты екені айтпасақ та белгілі нәрсе. Десе де балаға сену керек, ол өзін-өзі алып жүретін қасиеттерді бала кезінен бойына сіңіруі маңызды. Баланың өзі күшіне сенімді болып, ата-анадан еркіндік сұраса, олардың баланың қалауын орындағаны абзал. Өйткені олар өздеріне деген сенімділікті ата-анасының сенімінен алады.
Егер ата-ана балаға сенбейтін болса, оның кез келген істе жетістікке жетуі қиындай түседі. Ал ата-ананың сенімі барлық мәселені шешпек. Бұл, тіпті, бала кезде ғана емес, есейгенде де болатын құбылыс. 20 жастағы жасөспірім басқа қалаға барып жұмыс істегісі, өмір сүргісі келді делік. Оларға ата-ананың сенім артқаны керек. Бұл – өте маңызды.
Баланы шамадан тыс бақылауда ұстау оны біреуге тәуелділікке әкеледі. 16 жастағы жасөспірім жалғыз өзі ештеңе істей алмайтынын түсінгенде, ата-анасын кінәлауды жеңіл көреді. Солай істейді де.
Басқамен салыстыру
Бала кезінде қалай болса, есейгенде де солай болады. Ата-анасы ешкіммен салыстырмай өсірген балалар өздеріне сенімді болып өседі, өздерімен ғана жарысады. Сонымен қатар олар әр адамның өзіндік ерекшеліктері мен артықшылықтары болатынын түсінеді.
Егер ата-ана баланы бір кездері басқалармен салыстырған болса, ол есейген соң өзін басқалармен салыстыратын болады. Одан депрессия, өзін жек көру, сенімсіздік пайда болады. Ата-ананың жай ғана салыстыруы баланың болашағына қалай әсер ететінін байқадыңыз ба?!
Баланы өзімен ғана салыстыруы қажет. Ол өзінің бұл әлемде жалғыз екенін, ерекше екенін түсінгенде ғана жетістікке жетеді.