Bugin
Әскерге көктемде өзі сұранып барған көкшетаулық Алмас Шахимовты туған-туыстары мен жерлестері соңғы сапарға шығарып салды. 19 жастағы сарбаз күні кеше Алматы іргесіндегі полигонда оқу-жаттығу кезінде оқыс жағдайдан қаза тапқан болатын, деп хабарлайды Bugin.kz порталы КТК арнасына сілтеме жасап.
Алмас – әскерге кеткен шаңырақтағы жалғыз ұл, Шахимовтардың үкілеген үміті еді. Отан алдындағы борышын өтегенге дейін құтқарушы мамандығына ие болған.
«Сол күні далада жаттығу жұмысы кезінде аяқ астынан басталған құмды дауылда өзгелерді құтқаруға ұмтылғаны да кәсібіне деген адалдығы болар», - дейді туған-туыстары.
Марқұмды соңғы сапарға шығарып салуға келген қаруластары мен әскери бөлім командирі Алмастың көзсіз ерлігі жайлы баяндап берді. Қаруластарын құтқарамын деп жүргенде жас жігіттің басына темір құрастырма құлап, ауруханада қайтыс болды.
Алмас Шахимов мемлекеттік наградаға ұсынылған. Әйтсе де, жақындары сарбаздың ажалына жауаптылар болуға тиіс деп санайды.
«Әскерге ешкім шақырған жоқ. Өзі әскерге барамын деп кеткен. Өз аяғымен кетіп еді. Өлтіріп, табытқа салып алып келді. Бұл – әскерде тәртіптің жоқ екенін көрсетеді. Шатыр құлағанда ішінде балалар айғайлады деді. Іште қалған сарбаздар айғайлап көмек сұраған. Соған командир кірмей, неге солдат кіреді?» - деп күйінеді марқұмның әжесі Гүлмайда Туғамбаева.