Bugin

Көлгінов аз қамтылған отбасы балаларына 670 млн теңге бермек

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов аз қамтылған отбасы балаларына 670 млн теңге бөлетінін айтты. Бұл туралы ол Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы. 

«Жалпыға бірдей білім беру аясында аз қамтылған отбасы балаларына көмек көрсетуге 670 миллион теңге бөлеміз. Бұл бағдарлама бойынша мектеп киімдері, аяқ киімдер, кеңсе тауарлары сатып алынады. Бұл материалдық көмек 16 700-ден астам аз қамтылған отбасы балаларын қамтиды. Өткен жылдармен салыстырғанда біз бала санын арттырдық, мысалы, 2020 жылы 13 245 бала, 2021 жылы 14 620 оқушы қамтылды», - деді Көлгінов.

Оның айтуынша, ақшалай есептегенде әр балаға 40 000 теңге болады.

«Егер отбасында, мысалы, төрт бала болса, жалпы алғанда, отбасы 4 балаға 160 000 теңге алады. Бұрын бұл материалдық көмектің көлемін әр балаға 40 000 теңгеге дейін өсірген болатынбыз. Қаржы өтініш берушінің банк картасына (немесе арнайы шотқа) түседі. Бұл кез келген дүкеннен ата-аналарға киім-кешек пен оқу құралдарын өз бетінше таңдауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге қаражаттың мақсатты жұмсалуын құжаттау қажет болады (түбіртек, төлемге чектер), - деп қосты Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.

Қаржылай көмек алу үшін мұқтаждардың тізімі жасалып жатқан мектебіңізге хабарласу керектігін түсіндірді.

Оқушыларға келесі категориялар бойынша көмек көрсетіледі:

АӘК алуға құқығы бар отбасы балалары;

жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен (37 389) АӘК алмайтын отбасы балалары;

отбасында тұратын жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

төтенше жағдайлар нәтижесінде шұғыл көмекке мұқтаж отбасылардан шыққан балалар;

басқа санаттар (қиын өмірлік жағдайдағы отбасылар және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар).