Спорт

V Исламиада: Қазақстан спортшылары 19 алтын жүлде иеленіп, бестікте келеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Түркияның Кония қаласында өтіп жатқан V Ислам ынтымақтастық ойындарында ел қоржынына тағы бір күміс жүлде түсті, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.

102 килоға дейін сынға түскен ауыратлетші Артем Антропов серпе көтеруде 222 кг көтеріп, күміс алса, жұлқа көтеруде 164 киломен 6-орында қалып қойды. Қоссайыс қорытындысында 386 кг-ны басынан асырған Артем Ислам ойындарының күміс жүлдегері атанды.

Бұл салмақта бас жүлде қоссайыс қорытындысында 400 кг көтеріп, рекорд орнатқан ирандық Седех Мотамидидің еншісінде. Иран спортшысында 3 алтын жүлде. Қоссайыс қорытындысында 385 кг көтерген қырғыз спортшысы Бекдолот Ресулбеков қола жүлдені қанжығасына байлады.

Жалпы, Исламиада біздің ауыратлетшілер үшін табысты болды десек те болады. Олар ел қоржынына 8 алтын, 15 күміс және 3 қола жүлде әкелді.

Сонымен қатар суға жүзушілеріміз Даниэла Ду 100 метрге еркін жүзуден және Ксения Игнатова 200 метрге жүзуден қола жүлдені иеленсе, дзюдодан 60 килода сынға түскен Қанат Сейілхан да үшінші орынды жеңіп алды.

Осылайша Қазақстан спортшылары 19 алтын жүлде алып, төртінші орындағы Әзербайжан құрамасын қуып жеткенмен, олардың бізден жеті күміс медалі артық болғандықтан әзірге бесінші орындамыз. Өзбекстан командасы 40 алтын жүлдені иеленіп, екінші орындағы Иранды ығыстырды. Парсылардың 37 алтын медальмен үшінші ооынғы ығысты.

Ислам ойындарын төртінші немесе бесінші орынмен аяқтайтынымыз белгілі болды. Дүбірлі додаға қатысушы 56 елдің әлі күнге 14-і бірде-бір жүлде алмағанын ескерер болсақ, шүкіршілік етуге болады. Бірақ, спортшыларымыздан жүлде күтіп, биіктен көргіміз келетіні де рас.

Ертең жарыс жолына семсерлесушілер, дзюдошылар мен кикбоксшыларымыз шығады.