БІЛІМ
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов баласының мектеп формасына 36 мың теңге жұмсағанын растайтын түбіртектердің суретін Facebook желісіндегі парақшасында жариялады, деп жазады Bugin.kz порталы.
«Ұлым мемлекеттік мектепте оқиды және оқу жылына басқа ата-аналар сияқты дайындаламыз. Жексенбіде ұлым екеуіміз дүкеннен 36 000 теңгеге жейде, костюм, шалбар және галстук сатып алдық. Түбіртектен заттардың құнын және оның жалпы сомасын есептеп көруге болады. Сондай-ақ мектеп формасынан бөлек шамамен 20 мың теңгеге портплед сатып алынғанын да байқауға болады», - деп жазды ол.
Ол айтқан жауабын растау үшін сатып алынған заттардың түбіртегін қоса салып отырғанын да айтты.
«Бір түбіртекте сома 26 мың теңге (пиджак. шалбар. жейде). Екінші түбіртекте – 10 мың теңгеден жоғары (тағы бір жейде мен галстук). Жалпы сомасы 36 мың теңгеден асады. Портплед шамамен 20 мың теңге.
Бұрын сатып алынған мектеп формасы барын да айтқым келеді. Яғни былтырғы киімдерін балам биыл да киеді», - деді министр.