БІЛІМ

Митингке шыққан бір топ мұғалім Тоқаевқа үндеу жасады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Елордада дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері митингке шығып, наразылық білдірді. Олар жаңа оқу жылынан бастап қысқартуға ұшыраймыз ба деп үрейленіп отыр. Ал қарсылыққа себеп болған Оқу-ағарту министрлігінің жаңа бұйрығы. Онда жаңа оқу жылынан бастап дене шынықтыру сабағында ұлдар мен қыздар қосып оқытылады деп жазылған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

Сәйкесінше сағат қысқарса, аталмыш пәннің ұстаздарына  сұраныс төмендеуі мүмкін. Ал Оқу-ағарту министрінің жауабы қандай?

Қазіргі дене шынықтыру сабағы доп лақтырып, жүгіру ғана емес. Осылай деп шыр-пыр болған ұстаздар дене шынықтыру пәнінің маңызын дәлелдеп баққысы-ақ келіп жатыр.

Бұған себеп оқу-ағарту министрлігінің жаңа бұйрығы – жаңа оқу жылынан бастап дене шынықтыру пәнінде ұлдар мен қыздарды бірге оқытпақ. Сәйкесінше, енді бүтін бір сыныпқа бір мұғалім жауап береді. Біріншіден, баланың бәріне бірдей ие болу оңай жұмыс емес дейді ұстаздар.

Ұлдар мен қыздарға, 40 балаға жалғыз мұғалім сабақ беруге тура келеді. Бұның ең сорақысы, спорт ойындары басталған кезде жалғыз мұғалім 40 балаға қалай ие болады? Біріншіден, қауіпсіздік ережесі ақсайды, ертең жарақат көп болады, - дейді Дәулетбек Салихан.

Әрі оларға берілетін тапсырмалар да, алынатын нормативтер де әртүрлі. Түптеп келгенде ес білген ұл мен қызды қатар жүгірту де ыңғайсыз деп отыр мұғалімдер.

Ұл-қыздардың дене шынықтыру сабағында физиологиялық деңгейі әртүрлі. Берілетін жүктеме де әртүрлі. Қыз балалар көбіне  гимнастика сабағында ұялады, мысалы, бірге өткізу ыңғайсыз, – дейді Айдар Таңатқанұлы.

Бірақ дене шынықтыру пәні мұғалімдеріне бас көтеруге себеп болған басты мәселе – жұмыс жайы. Өйткені министрліктің бір сыныпқа – бір мұғалім деген шешімінен кейін дене шынықтыру пәні ұстаздарына деген сұраныс күрт төмендейтіні анық. Сағат қысқарған соң далада қаламыз ба деп қорқады. «Ұзақ жыл бойы тек осы саланың нанын жеп келген бізді кім керек қылады» дейді наразы мұғалімдер. Тіпті қазірдің өзінде мектеп басшылары «Бұйрық жоғарыдан келді, біз ештеңе шешпейміз»  деп кесіп айтыпты.

Ипотекамен үй алған, несиелері бар. 1012 мұғалім ер адамдар, отбасын асыраушы, олардың бәрі жұмыссыз қалайын деп тұр. Бұл ешқандай ойластырылмаған.Мұғалімдер министрлікке арызын айта барғанда, ұл мен қызды бөліп оқыту жүйесі тиімсіз екенін дәлелдедік деп қысқа қайырыпты. Қазір елде 30 мыңға жуық дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бар. Олардың қатары жыл сайын толығып жатыр, – дейді Айдар Таңатқанұлы.

Грантқа бітірген студенттер қазір мектепте сағат болмаса, ол жұмысқа кіре алмайды. Кіре алмаған соң үш жылда жұмыс таппаса, өз қалтасынан ақшасын төлеуге тиіс. Соңғы жылдары дене шынықтыру пәнінен жас мамандар келеді, мысалы біздің екі мектепке үш жас маман келді, – дейді Аманбай Қозғанбаев.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов бірінші кезекте қалтаның емес, баланың жайын ойлауымыз керек дейді.

«Ұстаздардың бұлай шамдануы – жүктемесі көп болған сайын жалақысы жоғары болып үйренгендіктен болып отыр» дейді министр.

Еліміздің біраз мектебінде бір уақытта спорт залда бірнеше сыныпқа дене шынықтыру сабағы қатар болады. Егер әр сыныпты екіге бөліп, бір-бір мұғалімнен беретін болсақ, бір сәтте 6 мұғалімге дейін жүруі керек болады. Ұстаздар қауымына қате ақпарат жетіп жатыр деп ойлаймын. Мен министр ретінде айтайын, дене шынықтыру пәнінің сағаты қысқармайды. Яғни, әр сыныпқа аптасына үш сағаттан болып қала береді. Жыл сайынғы дәстүрге сәйкес, елімізде 500 мың сағат дене шынықтыру пәніне бөлінеді, - дейді Асхат Аймағамбетов.

Бірақ министрдің бұл сөзі  мұғалімдердің толқыған көңілін баспай тұр. «Дене шынықтыру пәніне енгізілген жаңашылдықтан кейін жұмыстан қағылсақ, ұл-қызымызды кім асырайды» дейді олар. Сондықтан енді бұл мәселеге ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев назар аударса дейді.