Bugin
«ҚазАвтоЖол» АҚ ресми сайтында жол салу жұмыстары неліктен кешеуілдегеніне түсініктеме берілді.
«Жол-құрылыс маусымы аясында республикалық автожолдар желісін қайта жаңарту және жөндеу бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Мәселен, республикалық маңызы бар «Өнеге-Бисен-Сайқын», «Қазталов-Жәнібек-РФ шекарасы», «Атырау-Астрахань», «Ақтөбе-Қандыағаш», «Қалбатау-Майқапшағай», «Талдықорған-Қалбатау-Мапқапшағай» және т.б. автожолдарда жұмыстар қайта жанданып, қарқынды жүріп жатыр»,- деп компания өзінің сәтті жұмыстарын атаған.
Дегенмен істі кешіктіретін факторлардың бар екенін жоққа шығармай, оларды атап өткен.
«Біріншіден, битум тапшылығы орын алуда. Ішкі нарықты битуммен қамтамасыз ету бойынша бірнеше рет құзыретті, бейінді мемлекеттік органдармен кеңес өткізілді. Республикалық желі бойынша автожол жобаларының қажеттілігі үшін битумды іріктеуге жәрдемдесу басымдығы атап өтілген болатын. Алайда бүгінгі күні жол компанияларының өтінімдерін растауда қиындықтар бар. Мысалы, биыл жоғарыда аталған объектілер бойынша битум қажеттілігі 59 мың тоннаны құрайды, іс жүзінде 13 мың тонна битум қамтамасыз етілді»,- деп битум жетіспеушілігін атап өткен.
«Екіншіден, қиыршық тасты тасымалдауға арналған вагондардың саны тапшы. Батыс Қазақстан облысында карьерлер жоқ, сәйкесінше, қиыршық тасты көрші өңірлерден тасымалдау қажет.
«Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ және «Қаз Темір Транс» АҚ-мен бірлескен талқылау және кеңес барысында теміржолдар арқылы жол-құрылыс материалдарын тасымалдау үшін вагондар санын арттыру мәселелері көтерілді, алайда тиісті нәтиже әлі байқалмады.Мысалы, батыс өңірлеріндегі вагон саны 2700 бірлікті құраса, оның 1000-ы көмір тасымалдауға жұмылдырылып отыр», - деп зат тасымалын атаған.
«Үшіншіден, дизель отынының тапшылығы және ол бар болған жағдайдың өзінде құны артып отыр. Құрылыс жұмыстарына қажет жол-құрылыс техникасы барынша жұмылдырылды. Оларды тәулігіне шамамен 100-130 тн дизель отынымен қамтамасыз ету қажет.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін «ҚазАвтоЖол» «ҰК» АҚ барлық шараларды қабылдауда, алайда жоғарыда аталған себептерге байланысты тапсырманы уақтылы орындамау тәуекелі бар», - деп нарықтаға баға проблемасын атаған.