Спорт
22 тамыз күні Болгарияның Кранево кентінде жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында 64 дойбыдан әлем чемпионаты басталды. Бұл туралы журналист Мұсағали Тасқалиев Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Оның айтуынша, жарыс 6 жас ерекшелігі бойынша дойбының рапид, блиц және классикалық түрінен өтуде. Әлемнің 15 елінен келген спортшылар арасында Қазақстан құрамасының дойбышылары да бар.
Кеше және бүгін ел қоржынына алғашқы жүлделер түсе бастады.
Кеше Алтынай Саматова (8 жас) рапидтен қарсылас шақ келтірмей әлем чемпионы атанса, бүгін блицтен екінші алтын медальді жеңіп алды. Бүгін Алтынай Даниярқызы да блицтен алтын жүлдеге ие болды.
Сонымен қатар Айбек Есенғалиев (14 жас) пен Тоғжан Тәжібекова (17 жас) күміс жүлдемен күптелді.