Bugin
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жаңа алаяқтық әдіс туралы ескертеді. Бұл туралы bugin.kz порталы «БЖЗҚ» АҚ ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
«Өзін «БЖЗҚ» АҚ қызметкерімін деп таныстырып, салымшының зейнетақы шотын ашу үшін қандай да бір банктік шотты толтыруды сұрайтын анықталмаған тұлғалардың бірлі-жарым қоңырау шалу жағдайлары басталды. Зейнетақы шоты, қоңырау шалушылардың айтуынша, сот ісін жүргізу үшін өтемақы төлеу бойынша шетелдік банктерден төлемдер қабылдау үшін қолданылады екен. Егер сіз ақша аударудан бас тартсаңыз, зейнетақы шоты бұғатталып қалады-мыс»,-деген ақпаратта .
Алаяқтар қоңырау шалғанда, міндетті түрде уайымға салып, сыпайы сөйлесіп адамға психологиялық қысым жасайды.
«БЖЗҚ мұндай қоңыраулар БЖЗҚ қызметкерлерінен түспейтінін ескертеді және мұндай қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені тоқтатуды сұрайды» -деген мәтінде.Естеріңізге сала кетеміз:
-«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 50-бабының 3-тармағына сәйкес, салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтарына тыйым салуға немесе өндіріп алуға жол берілмейді.
- «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 98-бабы 14тармағына сәйкес, салымшының (алушының) борыштары бойынша зейнетақы жинақтарынан өндіріп алуға болмайды.
«Осылайша, сот орындаушысының немесе кез келген үшінші тұлғаның сіздің жеке зейнетақы шотыңыздағы зейнетақы жинақтарынан өндіріп алуы мүмкін емес. Сіздің жеке зейнетақы шотыңыз ешқандай жағдайда бұғатталмайды», - деп «БЖЗҚ» АҚ алаяқтардан сақ болуды сұрады.