Weekend

Балалар әдебиетінің қазіргі деңгейі қандай?

"Ыбырай атамның әңгімелері" кітабының авторымен сұқбат

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бүгінгі қоғам бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлуді талап етеді. Себебі бала - болашақтың айнасы. Қазір берілген тәрбие келешекте міндетті түрде жемісін береді. Сол себепті баланы жан-жақты дамытқан жөн. Осыған орай балалар шығармашылығына арналған кітаптар да жарық көріп жатыр. Бүгінгі кейпкеріміз «Ыбырай атамның әңгімелері» кітабының авторы, отбасылық сайттың негізін қалаушы Азамат Битан. Ол балаларға арналған әдебиет және оның шығарылымы мен қазіргі деңгейі туралы сұқбат берді.  

Buginnen basta: Бүгінде бала тәрбиесі басты назарда. Осы тұрғыда балалардың ой-өрісін дамытуда сіздің де тигізіп жатқан үлесіңіз зор. Себебі, балаларға арналған қазақ тіліндегі кітаптар аз десек болады. «Ыбырай атамның әңгімелері» атты балаларға арналған кітаптың авторысыз. Бұл кітаптың жарыққа шыққанына қанша уақыт болды? Кітап қазіргі заман талабына сай негізделген бе?

Қазір жарнамалық және имидждік роликтер түсірумен айналысамын. Одан бөлек өткен жылдың желтоқсан айында жарыққа шыққан «Ыбырай атаның әңгімелері», «Ілия пен Заңғардың планшеті» кітаптарын сатумен айналысып жатырмыз. Бұл кітапты комикстік жанрға сәйкестендіріп жасадық. Кітап заманауи болғанымен балалар үшін қарапайым, түстері қанық және оқуға ыңғайлы, суреті тартымды болуы керек. Тәжірибе барысында осы нәрсені түсіндік. Бұл кітаптың өзге кітаптардан ерекшілігі: біріншіден қазақша, екіншіден суреттермен берілген, яғни суреттер сөйлейді. Сонымен қатар,кітап ішінде тапсырмалар бар. Бұл тапсырмаларды Талбесік сайтынан жүктеп, орындай алады. Кітап 34 беттен тұрады. «Ыбырай атамның әңгімелері» кітабы баланы еңбекқорлыққа, мейірімділікке, өзге адамға қол ұшын созуға, тағы басқа адам бойында жақсы қасиеттерді дамытуға негізделген. Ал «Ілияс пен Заңғардың планшеті» деген кітап 7 атаны үйренуге, сұрақ қойғанда, сұраққа толық жауап беруге үйретеді.

Buginnen basta: Қазіргі таңда балаларға арналып шығарылып жатқан кітаптардың сапасы мен көркемделуіне көңіліңіз тола ма?

Қазіргі таңда балаларға арналған кітаптардың сапасына белгілі бір деңгейде көңілім толады. Себебі біз көп жағдайда кітаптарды сырттан келетін басқа кітаптармен салыстырамыз. Қазақ тілінде жарық көріп жатқан кітаптардың көпшілігі сырттан келіп жатқан кітаптармен бәсекелесе алмайды. Өйткені, қанша дегенмен тәжірибенің аты - тәжірибе. Мысалы, біздің бүгінгі жасап шығарған кітабымыз бен шетелден келіп жатқан кітапты салыстыра алмаймыз. Себебі, олар бәсекеге қабілетті әрі мол тәжірибесі бар. Қазақ басылымдарында артта қалушылық байқалады.

Buginnen basta: Кітапқа тапсырыс беруші ата-аналар көп пе?

Кітапқа тапсырыс беруші ата-аналар аз. Мүмкін белгілі бір деңгейде өзіміз де дұрыс насихаттай алмай жүрген болармыз. Енді осы наурыз айын пайдалана отырып, ұйымдастырылатын жәрмеңкелерде кітабымызды шығарамыз деген ой бар. Тапсырыс беруші ата-аналар жоқ деуге болмайды. Әсіресе, Ақтау, Атырау, Шымкент қалаларынан кітап сұрап хабарласатындар жиі кездеседі. Көбінде кітапты қазақи ата-аналар алады деп ойлаймыз. Дегенмен, Павлодар, Петропавл, Қостанайдан арнайы тапсырыс беруші ата-аналар көбейіп келеді.

Buginnen basta: Елімізде балаларға арналған кітаптардың бүгінгі шығарылымы қалай? Балаларға арналған кітаптарға сұраныс бар ма? Шыққан кітаптар қаншалықты өтеді?

Елімізде балаларға арналып шығарылған кітаптар бар. Балаларға арнап шығарамыз дейміз, алайда оларды қызықтыратын әрекет жоқ. Яғни, баланың сұранысын қанағаттандыратын кітаптар аз. Айталық, қазір кітап дүкендеріне баратын болсақ, сіз қызыққан кітапты көресіз. Осылайша, сіз бір айдан кейін қайта барсаңыз өзгеріс пен жаңашылдықты байқайсыз. Бір ай ішінде кітап шығарушылар ішінде прогресс бар.

Орысша кітаптар да шығып жатыр. Ол әрине жақсы. Бірақ айналып келгенде біз өзіміздің ұлттық педагогика, бала педагогикасын терең зерттеп, соны халыққа жеткізетін авторлардың кітабына зәруміз. Содан соң балалар шығармашылығы дейміз, дегенмен оларға арналған ертегілер мен тақпақтарға мұқтажбыз. Ақын да, жазушы да көп. Бірақ, бала тақырыбына бара алмай жатқан адамдар өте көп. Сұраныс бар, бұған мемлекет те белгілі бір деңгейде әрекет ету керек. Ата-аналар да әрекеттеніп, сұранысын қанағаттандыру керек. Талбесік сайтына Міржақыптың, Ахметтің, Жүсіпбектің, Алаш арыстарының шығармаларын шығарып жатырмыз. Бірақ, қалай десек те ол өткен ғасырдың шығармалары. Уақыт өткен сайын оның бәрі ескіре береді. Бізге жаңа авторлар керек. Осы заман талабына сай баланың тілімен суреттейтін авторлар қажет.

Ал біздің қазақша кітаптар баланы өзіне тартпайды. Кемшіліктеріміз өте көп. Сол себепті осы кемшіліктерді жоя отырып, балалар әдебиетіне жаңа дем берген жөн.

Шыққан кітаптар жақсы өтеді. Оны тек сата білу қажет. Кәсіптің өз заңдылығы бар. Сен сататын өніміңді шығармастан бұрын, оны сатуды үйрен. Сондықтан да сату мәселесінде оны қалай ұсыну керек, тұтынушымен қалай сөйлесу керек деген сынды жұмыстармен көбірек шұғылданған дұрыс. Мұның барлығы біз үшін үлкен тәжірибе.

Buginnen basta: Алдағы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз. Балаларға, отбасы құндылығына арналған тәрбиелік мәні зор қандай жобаларды қолға алуды жоспарлап отырсыз?

Балаларға арналған екі үш жобамыз бар. Ол әзірге құпия болсын. Негізінен оның барлығы кітап ертегілерге негізделген. Бірақ оған қаражат керек. Қазір біз осы кітаптарды сату барысында түскен қаражатқа жасағымыз келіп отыр. Қазіргі таңда ата-аналар кей кітаптардың кемшілігіне көз жұмып ала беруге болады деп ойлаймын. Себебі, біз қоғам болып балаларымыздың, құжаттардың қазақша сөйлегенін қалаймыз. Қазақша кітаптар айтарлықтай қымбат емес. Сатылып жатқан орыс, ағылшын тіліндегі кітаптардан әлдеқайда арзан. Сол себепті балаларға арналған қазақша кітаптардың дамуына үлесімізді қосқанымыз дұрыс. Алда сынайтын уақыт келеді. Дәл қазіргі уақытта шығармашылық тұрғыдан, қаражат тұрғысынан осы сынды авторларға жәрдемдесуіміз керек. Бұл жерде бізде ең маңыздысы қазақша балаларға арнап шығарма жазатын авторларды көбейту керек. Дегенмен, мен әлі таңғалып қарайтын, шығармасы керемет деген авторларды кездестірмедім. Бәлкім, алдағы уақытта кездесіп қалар. Барлығы уақыт еншісінде.

Бүгінде тәрбиелік мәні бар қазақ тілінде тұңғыш әкелерге арналған сайт аштыңыз. Дәл әкелерге арналған сайтты ашуға не түрткі болды? Идея авторы өзіңіз бе?

Тәрбиелік мәні бар отбасылық сайтты жүргіземін. Бұл сайт 2018 жылдың наурыз айында ашылған болатын. Ол кезде тек әкелерге арналған тұңғыш қазақ тіліндегі сайттардың бірі болды. Әкелерге арналған сайтты әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты жақсарту үшін, екеуінің арасында кішкентай бір көпір болсақ деген мақсатта аштым. Қазір әкелерге арналған сайттың ауқымын кеңейтіп, отбасылық сайт ретінде өзгерттік. Сайттың негізігі мақсаты бала тәрбиесіндегі маңызды дүниелерді ата-аналарға жеткізу, сонымен қатар мүмкіндік болса, балаларға арналған контент жасауды көздеп отырмыз. Дегенмен, бұған әлі шамамыз келмей жатыр. Себебі, оған үлкен күш керек.

Бала тәрбиесінде қазіргі ата-аналардың беріп жатқан тәрбиесіне қанағаттанасыз ба?

Бала тәрбиесінде жастар жағы өте белсенді. Отбасында әкенің алатын орны үлкен. Бала анамен де, әкемен де қалса толыққанды адам болып қалыптаспайды. Сондықтан, бала әке мен ананың ортасында жүріп, толыққанды отбасы тәрбиесін көргенде ғана қоғамның пайдасына жарайтын азамат болып өседі. Сол себепті әкелер балаларына көп көңіл бөлуі керек. Қалай дегенмен де барлығымыз күйбең тіршіліктің қамымен күнде сыртта жүреміз. Дегенмен, уақыт табу керек. 

Бала тәрбиесінде ұстанатын қағидам: мейлі үйде, мейлі сыртта болсын алдымен өзімнің жүріс-тұрысыма қатты мән беремін. Ер адамның сырттағы жүріс-тұрысы қандай болса, ол айналып келгенде баласына да әсер етеді. Бұл Ұлы жаратушының заңдылығы деп ойлаймын. Балаларыңа үлгі бола білуің қажет. Жұмысқа уақытында бару, кітап оқу, сөйлеген сөзің, істеген қылығың - барлығы баланың бақылауында болады. Сондықтан, ең басты қағида - балаңа үлгі бола білуің қажет. Сонымен қатар баланы ұруға, жазалауға қарсымын. Өзім балаларыммен үлкен кісімен сөйлескендей сөйлесемін. Себебі бала сенің өтірік айтып тұрғаныңды, балаша сөйлесіп тұрғаныңды бірден байқайды. Сондықтан баламен есті адаммен сөйлескендец әңгіме айтқан дұрыс болады. Аптасына екі рет жексенбі күні отбасы күні. Сол себепті осы күнді тек отбасыма, балаларыма арнауға тырысамын. Ал жұмыс күндері үйге ерте келіп жатсам, асыр салып ойлаймыз. Бірақ көп жағдайда баламен көп уақытты өткізген дұрыс деп ойлаймын.

Ата-аналарға айтарым, көбірек кітап оқыңыздар. Бұрынғы қатып қалған ескі заңдылықтардан арылу керек. Бала тәрбиесінде сабырлық және көркем мінез керек. Өзіміздің ата-анамыздың бойынан көрген теріс қасиеттерді өзіміздің балаларымызға бермеуіміз қажет. Көбірек балалармен сөйлесіп, пікір алмасып, сырласып, әңгіме айтқан дұрыс.