Bugin
Алматыда Еуропарламент депутаттары қаңтар оқиғасында зардап шеккендермен және БАҚ өкілдерімен кездесті. Бұл туралы bugin.kz порталы Еуропарламенттің ресми сайтына сілтеп хабарлайды.
«22-24 тамызда Еуропарламенттің адам құқықтары жөніндегі кіші комитетінің делегациясы Қазақстанға іс-сапармен келді. Алматыда Еуропарламент депутаттары азаматтық қоғам ұйымдарының адам құқықтары саласындағы оқиғалар, соның ішінде құқық бұзушылық фактілеріне қатысты тергеу барысы туралы есептерін тыңдады. Қазақстандағы қаңтар оқиғасы және конституциялық реформалар жөнінде ақпарат алды. Олар азаптау құрбандарымен, сондай-ақ талдау орталықтары мен ғылыми орта өкілдерімен кездесті. Сондай-ақ олар БАҚ бостандығын талқылады және осы мәселе бойынша ЕО қаржыландыратын жобаны бағалады», - делінген баспасөз хабарламасында.
Сонымен бірге, Еуропарламент депутаттары сөз және БАҚ бостандығы саласындағы соңғы үрдістердің белгілеріне алаңдаушылық білдіргені атап өтіледі.
«Делегация мүшелері жақында өлім жазасын алып тастау оңды жағдай болғанымен, адам құқықтарын, негізгі саяси құқықтарды қорғау, жаңа саяси партияларды тіркеу және БАҚ еркіндігіне қатысты іс жүзінде әлі көп нәрсе істеу керек екенін айтты. БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесіне (2022-2024) мүше болғандықтан Қазақстан халықаралық міндеттемелерді орындауына керек . Еуропарламент депутаттары 2022 жылдың қаңтарындағы оқиғаларды ашық, жан-жақты және әділ тергеудің маңыздылығын атап өтті. Олар саяси және қоғамдық белсенділерді қудалау мен қорқытуды тез арада тоқтатуды және барлық саяси тұтқындарды, атап айтқанда Жанболат Мамайды босатуды талап етті», - делінген баспасөз хабарламасында.