Bugin
Мектепте 30 жыл жұмыс істеген мұғалімдер аттестацияның тестінен босатылатылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Qazaqstan ұлттық арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
«Бізде 30 жыл еңбек өтілі бар әріптестеріміз бар. Олар бізге «30 жыл жұмыс істедік, қандай жеңілдіктер болады» деп айтады. Біз қазір тиісті заңнамаға өзгеріс енгізуді дайындап жатырмыз. 30 жыл мектепте жұмыс істеу – нағыз ерлік. 30 жыл бойы жұмыс істеп, балалардың алдында аянбай еңбек еткен педагогтерді аттестация кезінде тестілеусіз екінші кезеңге өткізуге шешім қабылдадық. Мұғалім тек портфолиосын тапсырады. Біз 30 жыл бойы жұмыс істеп келген мұғалімге сенуіміз керек. Оларды үлкен стресске апармай, екінші этаптан ғана өтуге мүмкіндік беріп отырмыз», – деді министр.
Сондай-ақ министр мұғалімдердің енді күніне екі құжатты ғана тапсыру керек екенін айтты.
«Бізде күнделікті ойға сыймайтын қаншама құжаттар болатын. Қазір біз тиісті заңнаманы қабылдадық. Күніне мұғалім тек қана екі құжат тапсыруы керек. Бұл – өзінің күнделікті жоспары. Сондай-ақ бағаны электрондық журналға қояды. Болды, мұғалімнен басқа ешқандай құжат сұрамауы керек», – дейді министр.