Білім

1 кыркүйек – мектеп оқушыларының ғана емес, бүкіл халықтың мерекесі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Фото: baq.kz

«Халықтың кемеліне келіп өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім қажет», - дейді Шоқан Уәлиханов. 

1 кыркүйек – мектеп оқушыларының ғана емес, бүкіл халықтың мерекесі. Сол себепті, ол Білім күні деп аталады. Еліміздің барлық мектептерінде бүгін ерекше салтанатты мереке. Жаз бойы бойына күш жинап, мектепті сағынған жарқын жандар жаңа оқу жылына жаңа күш-қуатпен оралды деген сенімдемін. 3 айға созылған ұзақ демалыс көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Қоңыр күздің алғашқы күні асқақ армандарын арқалап, мектеп табалдырығын аттағалы отырған балдырғандар мен жиған білімдерін тереңдете түсу үшін еліміздің барша оқушылары алтын ұя мектебіне оралды. Бұл күн мен үшін қуанышты күндердің бірі. Таңертеңмен қолдарына шоқ гүлдерін алып, ақ бантик, әдемі мектеп формасын киіп, мектепке асыққан кіп-кішкентай балапандарды көріп көңіл-күйім бірден көтеріліп кетеді. Әрбір адамның өміріне ерекше әсер қалдыратын бұл күн еліміздің барлық тұрғындарының басын біріктіреді. Бұл күн тек атаулы мереке ғана емес, бұл біздің еліміздің болашағы жас ұрпаққа сапалы білім беруді бастайтын жауапты кезең бастамасы. Дәл осы күннен бастап, алғашқы қоңырау үнімен бірге, әр адам өмірінің жеке тұлға және азамат ретінде қалыптасу кезеңі басталады.  

Дүниежүзілік пандемия салдарынан алдыңғы жылдары атап өту мүмкіндігі шектеліп, көмескі басталып, бұлыңғыр жалғасқан оқу жылдары енді қайталанбаса екен деп тілеймін. Сол бір жылдардың қиындығы балалардың сағын сындырмаса да, көңіліне қаяу түсіргені рас. Ол өткен жылдарда ұстаздардың біліктілігінің, іскерлігінің және де тапқырлығының арқасында мейлінше қолайлы жағдай жасап, балаларға сапалы білім берілді. Білім көрсеткіші өз деңгейінен түскен емес.  

1 қыркүйек күні Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық қазақ мамандандырылған музыка мектеп-интернаты Алғашқы қоңырау мерекесін бір  жеңнен қол, бір жағадан бас шығара тойлады. Білім табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушылары алғашқы кітаптары әліппені қолға алып, білім әлеміне саяхат бастады. Мұқағалиша айтсақ, тарыдай болып кіріп, таудай болып шығатын аяулы мектепте қайнаған қызық өмір басталды. Бұл киелі шаңырақтан талай дарынды түлектер түлеп ұшып, еліміздің мәдениет саласында еңбек етіп келеді.  

Алға қойған міндеттер мен жоспарлар көп. Министр бастамасымен білім беру саласында айтарлықтай оң өзгерістер орын алуда. Алғашқысы – әліппенің өз «төріне» қайта оралуы және 1 – сыныптардағы үш тіл мәселесінің бір жағына шығуы. 

Білім табалдырығын аттаған бірінші сынып оқушыларының қадамдарына гүл бітсін. Ұстаздар қауымына қажымас қайрат, білімнің биігінен көрсетер дарынды шәкірт серік болсын.  Білім нәрі жандарыңызға шуақ құйып, бойларыңызға нұр себелесін! Жаңа оқу жылы баршаңызға құтты болсын! 

Нұркен Әшіров  

Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған РҚМММИ директоры