Bugin
Өрт қасақана адам қолынан болды деген нұсқаны жоққа шығармаймыз. Қостанай облысындағы өртке байланысты өткен брифингіде төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин осылай деп мәлімдеді, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
«Қазіргі таңда Іішкі істер министрлігінің бөлімдері өртке себеп болуы мүмкін жағдайларды анықтау үшін қылмыстық іс қозғады. Оның ішінде бұл оқиға қасақана адам қолынан болды деген нұсқаны жоққа шығармаймыз. Өйткені, өрт алдында найзағай түсу оқиғалары болған емес. Істі тегеу барысында әр түрлі нұсқалар қарастырылады», - деді министр Юрий Ильин.
Оның сөзінше, Әулиекөлдегі орман өртінен бөлек, Қостанай облысы аумағында тағы 3 өрт оқиғасы тіркелген. Оның ішіндегі ең ірісі - 10 гектар аумақты шарпыған. Министр ақпаратына сәйкес, аталған 3 өрт толық бақылауда.
Бүгінгі таңда Әулиекөлдегі өртті сөндіруге Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстары мен Нұр-Сұлтан қалаларынан күш пен техника жұмылдырылған. Сондай-ақ, Юрий Ильин қорғаныс министрлігінің әскери округтерінен тағы да қосымша ауыр инженерлік техинка жеткізілетінін мәлім етті.