Bugin
Өрт кезінде жарақат алған 10 адамның төртеуі ауруханада жатыр. Бұл туралы Қостанай облысындағы өртке байланысты ұйымдастырылған жедел брифингі барысында Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
«Өкінішке қарай, 1935 жылы туған бір адам қайтыс болды. Сонымен қатар 10 адам жарақат алған болатын. Атап айтқанда, қазір 4 адам дәрігерлердің қарауында ауруханада жатыр. Ал тағы 6 адам дәрігерлердің тексеруінен кейін өз үйлеріне жіберілді», - деді Талғат Уәли.
Министрліктің ресми өкілі өрт жағдайы бақылауда екенін айтты. Оның айтуынша, ашық жалын мен сөндіру мүмкін болмай жатқан өрт ошақтары жоқ.
Брифингте Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин өрт себеперін анықтау бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, тисті органдар өрт қасақана адам қолынан болды деген нұсқаны да қарастырады.