Қоғам
2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 60 000 теңгеден 70 000 теңгеге дейін өседі, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ең алдымен, ең төменгі жалақының көтерілуі «төмен жалақы алатын» жұмысшыларға әсер ететінін айтты. Өйткені жұмыс берушілер жалақыны ең төменгі жалақыдан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті.
«ҚР Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ-дан төмен емес деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Осының арқасында әртүрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық салаларында жұмыс істейтін жалақысы 70 мың теңгеге дейінгі 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің ақшалай кірістері өседі», - деп толықтырды министрлік.
Бірінші кезекте ЕТЖ көтерілуі «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы ҚР Үкіметіне ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізуді тапсырды, бұл оның мөлшерін кезең-кезеңімен арттыруға мүмкіндік береді.