Bugin
Қостанай облысындағы елді мекендерде өрт қаупі жойылды. Бұл туралы Bugin.kz Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеп хабарлайды.
Жедел штаб мәліметінше, 7 қыркүйекте таңғы сағат 9-да елді мекендерге қауіп сейілген, аумақтарда өрт ошағы болған жоқ, қарауыл ұйымдастырылып, төрт учаскеде – Аманқарағай, Лесное, Озерное және Бағаналы ауылдарында жұмыстар жүргізіліп жатыр.
«Озерное, Лесное және Аманқарағай ауылдары ауданында жағдай тұрақталды, дегенмен жергілікті тұтану ошақтары бар. Өрт сөндірілгелі бері 243 су төгу жұмыстары жүргізілді.
Күштер мен құралдарды қайта топтастыру жүргізілді, мұнда жергілікті өрт ошақтарын сөндіру бойынша негізгі күштер Қорғаныс министрлігі мен әкімдіктердің инженерлік техникасын тарта отырып, Бағаналы ауылы ауданында шоғырланған», - деп түсіндірді Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері.
Жалпы, өрт басталғаннан бері құтқарушылар 2091 адамды эвакуациялаған. Көпшілік адамды 3 қыркүйекте қауіпсіз жерге көшірген. Олардың негізгі бөлігі үйлеріне оралды, 42 адам, оның ішінде 14 бала мектепке уақытша орналастырылды, қалғандары туыстарының қолында тұрады.
Барлығы 91 тұрғын үй зақымданса, оның 85-і Аманқарағай ауылында, 6-сы Озерный ауылында.
Өртті 700-ден аса құтқарушы сөндірді.
«12 адам жарақаттанып, денесін күйік шалған, жеңіл және орташа ауырлықтағы уланған: 7 адам, оның ішінде бір кәмелетке толмаған жасөспірім, 1 орман шаруашылығы қызметкері, 1 әкімдік қызметкері, 3 Төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкері. Қазір олар үйлеріне шығарылды. Біреуі - 1935 жылы туған адам қайтыс болды», - деді Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері.
Өрттің жалпы аумағы 43 мың гектардан асты. Кейбір аудандарда өртті сөндіру жалғасып жатыр.