Bugin
Кезінде Нұрсұлтан Назарбаевқа ескерткіш орнатуды ұсынған Мәжілістің ең жас депутаты Мәди Ахмет те Тұңғыш Президент күнін мемлекеттік мерекелер қатарынан алып тастау ұсынысын қолдады, деп хабарлайды Bugin.kz порталы.
Мәди Ахмет барлық депутаттар сияқты Тұңғыш Президент күнін алып тастауға жеке өзі дауыс бергенін мойындады.
Назарбаевқа ескерткіш орнату туралы 2019 жылы айтқан ұсынысы бүгінгі шешімге қайшы келмей ме деген сұраққа ол: «біз қазір «Жаңа Қазақстанда» тұрып жатырмыз» деп жауап берді.
«Қазір біз Жаңа Қазақстанда жұмыс істеп жатырмыз. Біз өзіміздің әділ Қазақстанды құру жолындамыз. Осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, бұл қайшы келмейді», - деді ол.
Сондай-ақ, жас мәжілісмен қазір жеке адамға табыну емес, мемлекеттілік басымдыққа ие екенін айтты.
«Қаңтарға дейінгі Қазақстан мен қаңтардан кейінгі Қазақстанды салыстыруға болмайды. Біз Әділ жаңа Қазақстанды құру үшін бар күш-жігерімізді жұмылдырып жатырмыз. Біздің елімізде жеке адамға табыну емес, мемлекеттілік бірден-бір қағидат болуы керек. Біз де сол принциппен жұмыс істейміз», - деді Мәди Ахметов.