Bugin
Бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алудың бүкіл үрдісі цифрландырылып, автоматты форматқа көшірілген. Енді республикалық мемлекеттік бюджетті қалыптастыру кезеңдері де толық цифрландыруға өтпек. Осылай дейді ҚР Қаржы вице-министрі Эльдар Қазғанбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау рәсімдері мен процестерін цифрландыру мақсатында Қаржы министрлігі "Мемлекеттік жоспарлау жүйесін" іске қосқан. Бұл жоба республикалық бюджетті электронды түрде қалыптастыруға, құруға мүмкіндік бермек. 2021-2022 жылдары жобаның бірінші және екінші кезеңдері жасалып біткен.
"Жоба аясында стратегиялық және бюджеттік жоспарлауды байланыстыру рәсімдері цифрландырылды. Мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жүйесі қаржы министрлігінің жүйесімен байланыстырылды, интеграция жасалды. Соның арқасында қағаз құжат айналымы біршама қысқарған. Деректерді қайта-қайта енгізудің қажеті жоқ. Сондай-ақ, "Стратегиялық жоспарлау" функционалы аясында жүйеге он ұлттық жобаның тоғызы енгілді", - дейді Эльдар Қазғанбаев.
Оның айтуынша, бұл жүйенің қазір "Мемлекеттік сараптама" жүйесімен жақындастыру, байланыстыру бойынша, мемлекеттік инвестициялық жобаларды жоспарлау процестерін цифрландыру бойынша жұмыстар аяқталуға жақын.
"Бұл жоба аяқталғасын, стратегиялық құжаттар мен республикалық бюджетті қалыптастырудың барлық кезеңі цифрландырылмақ. Соның арқасында мемлекеттік жоспарлау үрдістері жеңілдетіліп, ашық формада бәріне қолжетімді болмақ. Қазір мемлекеттік сатып алу веб-порталында 100 мыңнан астам өнім беруші мен 24 мыңнан астам тұтынушы тіркелген. Бұл үрдісті цифрландырудың арқасында 485 млрд теңге үнемделді", - дейді спикер.
Министрлік мемлекеттік сатып алуларды одан әрі жетілдіруді жоспарлап отыр. Мәселен, енді бір көзден сатып алуға шектеу қойылады, бір көзден сатып алу негіздері қысқартылады. Соның негізінде бәсекелестік орта жасақталады.
"Тағы бір айта кетерлігі, өнім беруші мен мемлекеттік сатып алуға қатысушыларды таңдаудың автоматтандырылған рейтингтік-балдық жүйесі әзірленіп, 2022 жылдың 1 шілдесінен бастап іске қосылды. Мемлекеттік сатып алуды өткізу мерзімі бес күнге дейін қысқартылды", - дейді вице-министр.