Bugin

Қазақстанда балалар әдебиетінен екі бірдей байқау ұйымдастырылып жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстанда "2022 жыл – Балалар жылы" аясында екі бірдей әдеби байқау ұйымдастырылып жатыр. Оның біреуі – "Алтын сақа" болса, екіншісі – "Айбоз" әдеби сыйлығы аясында балалар әдебиеті бойынша номинация.

"Алтын сақа" балалар әдебиеті шығармаларының республикалық байқауын Қазақстан Жазушылар одағы мен Қазақстандық қоғамдық даму институты бірігіп ұйымдастырып жатыр. Байқаудың шарттары келесідей:

- 18-35 жас аралығындағы қаламгерлердің қатысуына болады;

- Еркін тақырыпта проза жанрындағы шығармалар қабылданады: ертегілер, шағын әңгімелер.

Байқау шарттарын мына сілтемеге еніп, танысуға болады.

Жеңімпаздар екі бағыт бойынша І, ІІ, ІІІ жүлделі орындар мен ынталандыру сыйлығымен марапатталады. Марапаттау рәсімі 2022 жылғы қыркүйек-қазан айларында өтеді.

"Айбоз" ұлттық әдеби сыйлығы 7 номинация бойынша өткізілмек. Соның ішінде балалар әдебиетіне бөлек номинация берілген: "Үздік балалар әдебиеті", "Үздік проза", "Үздік поэзия", "Үздік драма", "Үздік аударма", "Үздік комикс", "Үздік кітап" номинациялары аталған.

Әр номинация бойынша 5 миллион теңгеден қомақты жүлде берілмек.

"Шығармалар еш жерде жарияланбаған болуы тиіс, тың, жаңадан жазылған, соны еңбек болуы керек. Байқауға қатысуға қызыққандар өте көп. Әсіресе, балалар әдебиеті, проза мен поэзиядан келіп түсіп жатқан шығармалар мол. Қатысушылардың жасында шек жоқ", - дейді Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов.

Байқау біткен соң, жеңімпаздардың шығармалары кітап боп жарық көрмек. Ал әдеби сыйлықтың жеңімпаздары жыл соңына қарай марапатталады.

Байқауға қатысушылар өтінімдерін aiboz@kitap-palatasy.kz электронды мекенжайына жіберуі тиіс. Шығармалар 1 қазанға дейін қабылданады.