Bugin

Қазақстанда 5G желісі қашан іске қосылады? - Мусин жауап берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин Қазақстанда 5G желісі қашан іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Halyq Uni сайтына сілтеме жасап. 

Алдымен министр қазақстандықтарды сабыр сақтауға шақырды. Себебі 5G адам өміріне қауіп төндірмейді.

«Біріншіден, 5G базалық станциясынан қорқудың керегі жоқ. Олар Қазақстанға келмес бұрын сертификациядан өтеді. Кейін біз станцияларды тағы тексереміз. Екіншіден, 5G радио желісінің аукционы жүргізіледі...  Алдымен аукцион өтуі керек. Бұл – әлемдегі тәжірибе», - деді Бағдат Мусин Үкімет отырысынан соң.

Оның айтуынша, аукцион қыркүйекте немесе қазанда өтеді.

«Бүгінде тиісті құжаттарды дайындадық. Оны рәсімдеген соң радиожиілік аукционын жариялаймыз. Аукционда жеңімпаз атанған байланыс операторлары алдымен бізге қаражат төлейді. Кейін 5G базалық станциясын орнату жұмыстарын бастайды», - деді министр.

Сондай-ақ ведомство басшысы 5G желісі қашан іске қосылатынын айтты.

«2022 жылдың аяғына дейін Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкентте бірнеше жерде 5G желісін іске қосамыз. 2023 жылдан бастап 5G желісін толық іске қосамыз деп жоспарлап отырмыз. Қазақстанның басқа өңірінде 5G радиожиілігінің аукционы келесі жылы өтеді. Кейін интернетті қосу мәселесін қарастырамыз. 5G-ді тарату үшін инвестиция керек. Сондықтан өңірлерлер бұл технологияны енгізу үшін ірі қалаларда экономикалық негізді табуымыз керек», - деді Бағдат Мусин.