Bugin

Қазақстан мен Қытай ортақ келісімге қол қойды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Қазақстан мен Қытай Сүмбе өзеніндегі су алуды бірлесіп басқару туралы келісімге қол қойды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

«Бүгін Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстан Республикасына ресми сапары аясында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қытай Халық Республикасының Үкіметі арасында Сүмбе трансшекаралық өзеніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен су тарту құрылысын бірлесіп басқару және пайдалану туралы келісімге қол қойылды», – делінген сәрсенбі күні таратқан хабарламада.  

Қазақстан Үкіметі атынан келісімге Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова, Қытай Үкіметі атынан Су ресурстары министрінің орынбасары Тянь Сюэбин қол қойды.  

«Су қатынастары елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Оған дәлел – барлық жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулерде су мәселесінің жүйелі түрде талқылануы», – деді Шалабекова құттықтау сөзінде.  

Аталған құжатқа қол қою Сүмбе өзенінің су ресурстарын ұтымды пайдалануға және Алматы облысы Райымбек ауданында ауыл шаруашылығы қажеттіліктері үшін су алуды жақсартуға мүмкіндік беретіні атап өтілді. Тянь Сюэбинь қазақстандық тарапқа сөйлеген сөзінде, сондай-ақ, «келісімге қол қою трансшекаралық өзендердің ресурстарын ұтымды және әділ пайдалану контексінде екі елдің өзара ынтымақтастығын дамытуға қуатты серпін беретінін» атап өтті.  

«Біз өзара құрмет пен тату көршілік қағидаттарына негізделген жан-жақты ынтымақтастығымызды одан әрі тереңдетуге ниеттіміз», – деді Шалабекова.