Bugin

Атыраудағы теміржол вокзалында 80 жастағы ана соғысқа кеткен ұлын «күтіп» жүр (фото)

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Атырау облысындағы теміржол вокзалында 80 жастағы ана соғысқа кеткен ұлын «күтіп» жүр. Атырау облысы Мақат ауылындағы вокзалда ұлын Ұлы Отан соғысынан күткен анаға арналған ескерткіш орнатылған, деп хабарлайды Bugin.kz порталы Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.  

2021 жылдың желтоқсан айында Мақат ауылының теміржол вокзалында Сәнді Денгелбайқызының ескерткіші ашылған болатын. Жасы келген қария 30 жыл бойы күн сайын вокзалға келіп, 1942 жылдың қыркүйегінде майданға аттанған жалғыз ұлы Нәбидің жолын тосып жүрген. Соғыс жылдарында анасы ұлынан Сталинград майданындағы ұрыстарға қатысқаны туралы бір ғана хат алады. Одан кейін ұлынан басқа хабар болмаған. Бірақ Сәнді ана үмітін үзбей, 1973 жылы 95 жасында қайтыс болғанға дейін станцияға келіп жүрген.  

«Темір жол вокзалы адам тағдырының әрқилы тарихының куәсі. Ол кезде Мақат стансасына Орынбордан бір ғана жолаушы пойызы келді. Бүгінгі күні 15 жолаушы пойызы тоқтап тұр. Өмір бойы ұлын көремін деген ана үмітін үзген емес. Ол вокзалда әскери киім киген жігіттерді кездестірсе, оларға жағдай жасап, өз баласына да солай біреу қарайтын шығар деген үмітпен көмектесетін. Пойыздан түскен жолаушылардан ұлын көргендер бар ма деп сұрап та жүретін», - дейді Мақат стансасының ардагері, әйелдің туысы Орақ Денгелбаев. 

Сәнді Денгелбайқызы 1879 жылы Тайсойғанда дүниеге келген. Туыстарының айтуынша, жолдасы Махамбет 1920 жылы қайтыс болған. Олардың жалғыз ұлы Нәби 1907 жылы дүниеге келген. Ана ескерткіші Мақат ауылының бұрынғы әкімі Шәкір Кейкиннің бастамасымен бой көтерді. Ескерткіштің ашылуына Мақат стансасының теміржолшылары да белсене атсалысып, қазіргі таңда оның айналасын тәртіпке келтіруде. Ұзақ жылдар мұнайшы болып, одан кейін темір жолда еңбек еткен Орақ Денгелбаев бүгінде сыныптан тыс станса – Атырау, Қандыағаш және Бейнеуге қатынайтын теміржол желілерінің торабы жолаушылар, транзиттік және жүк пойыздарын жөнелтіп, қабылдайтынын айтты.  

Станция теміржолшылары майдан шебіне азық-түлік, киім-кешек, техниканы жеткізіп, Ұлы Жеңіске өз үлестерін қосқан. Станция соғыстан кейінгі жылдарда ел дамуының игілігі үшін жұмыс істеді. Вокзал жанынан өтіп бара жатқан әрбір адам соғыста баласынан айырылған барша аналардың символы ретінде Сәнді Денгелбайқызының ескерткішін көре алады.