Bugin
Білім беру саласында қолданылып жүрген оқулықтар осы жылдың соңына дейін толық цифрлық форматқа көшіріліп бітпек. Қазірдің өзінде бітуге жақын. Осылай деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин үкімет отырысында.
Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта білім беру саласында 670 оқулық қолданылып жүр.
"Оның 97 пайызының цифрлық нұсқасы бар, дайындалып бітті. Жылдың соңына дейін 100 пайыз цифрланады. Бұл жоба – білім беру саласындағы ірі жобалардың бірі. Сондықтан жылдың соңына дейін ауыл мектептері де түгелдей ғаламтормен қамтылады. Жергілікті атқарушы билік органдарына мектеп ішінде ғаламтор желілерін тартуға міндеттелді", - дейді Бағдат Мусин.
Мед-төлқұжат
Сөз барысында ведомства басшысы денсаулық сақтау саласындағы цифрландыру жайын да тоқтала кетті.
"Қазір Денсаулық сақтау министрлігімен бірігіп ел азаматтарының ұлттық денсаулық төлқұжаттарын құруға арналған eHealth электронды денсаулық сақтау платформасына көшу бойынша жұмыстар істеп жатырмыз. Азаматтық цифрлық денсаулық төлқұжатында қай ауруханада тіркелгені, қандай дәрігердің қарағаны, қойған диагнозы мен медициналық талдаулары, басқа да денсаулыққа қатысты ақпараттар жинақталады. Соның арқасында медициналық қызметтерді қашықтан басқаруға әрі белсенді жүргізуге, құқықтық актілерді қабылдауға мүмкіндік береді", - деп түсіндірді Бағдат Мусин.
Субсидия
Министр әлеуметтік салалармен қатар өндірістік ауыл шаруашылық саласындағы цифрландыру жайлы мынандай жаңалықтарды айта кетті.
Оның айтуынша, ауыл шаруашылық өндірушілері (фермер, шаруа, шаруа қожалық иесі) үшін қазір субсидиялау жүйесі іске қосылған екен.
"Биыл 1 шілдеден бастап қосылды. Шаруаларға мемлекет тарапынан қандай көмек пен қолдау көрсетіледі, порталда соның бәрі көрсетілген. Құжат жинап әуре-сарсаңға түсудің қажеті жоқ. Шаруалардың өтінім беруге кететін шығыны да азаймақ. Сондай-ақ "Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендірудің мобильдік қосымшасы" да құрылды. Енді ветеринар мамандарға малды тексеру үшін планшеттер беріледі. Әсіресе, шалғай ауданда ғаламторы жоқ жерлерде мамандардың жұмыс жүргізуіне мүмкіндік бермек", - дейді министр.
Геологтарға рұқсат
Министр Бағдат Мусиннің айтуынша, геологиялық барлау жұмыстарын бақылауда ұстау мақсатында "Kaznedra бірыңғай платформасы" дайындалған. Платформаның өзі minerals.gov.kz 15 қыркүйекте тестілеу режімінде қосылмақ.
"Платформаға интерактивті карта мен жер қойнауы туралы жазылған 1500 электронды есеп жүктелген. Осы жылдың соңына дейін мұндай электронды есептердің санын 30 мыңға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ платформа арқылы мамандарының жер қойнауын барлауға лицензия алуға өтініш беруіне, мемлекеттік органдарға ресми хат жіберуіне жол ашылды", - деп түсіндірді спикер.
"Электронды полиция"
Министрдің айтуынша, қазір ішкі істер министрлігіндегі құжаттардың барлығына дерлік сандық форматқа көшіріліп, тәртіп сақшылары тергеу, тексеру амалдарын соның негізінде жүргізіп жатқан көрінеді.
"Ішкі істер министрлігінің цифрландыру бойынша жүргізген жұмыстарының нәтижесінде бейнебақылау камераларының саны өсіп, қылмыстар мен тәртіп бұзушылықтардың алдын алуға оң ықпалын тигізді. Полиция қызметкерлерін планшеттермен жабдықтау бойынша да жақсы өсім байқалып отыр. Осы орайда қылмыстық істердің 90 пайыздан астамы электрондық форматта жүргізіліп жатқанын айта кету қажет", - дейді Бағдат Мусин.