Bugin
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияның атынан алып тастау туралы жарлық жобасы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа қол қоюға ұсынылды, деп хабарлайды Bugin.kz порталы KazTag агенттігіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын тағайындау туралы «Қазақстан Республикасы Президентінің 2000 жылғы 3 сәуірдегі № 369 Жарлығына өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығының жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына енгізілсін», - делінген Үкімет қаулысында.
Тоқаевтың қарауына енгізілген құжаттың жобасына сәйкес «Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің – Елбасының мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендиясын тағайындау туралы» Жарлықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын: «мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияны тағайындау туралы».
«1 және 2-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
1. Мәдениет саласында айына 55 еселенген айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде жыл сайынғы 75 мемлекеттік стипендия тағайындалсын.
2. Қазақстан Республикасының Үкіметі жыл сайын қажетіне қарай жаңартылып отыратын, мәдениет саласындағы мемлекеттік стипендияға ұсынылатын адамдардың жеке құрамын бекітуге ұсынсын», - делінген қаулы жобасында.